Өңірге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов жұмыс сапарымен келді. Ол облыстағы кәсіпорындармен танысты. Соның бірі – Чапаево ауылындағы 1400 бас ірі қара малға шақталған «Қызылжар сүт» серіктестігі. Сүт фермасы 2020 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Жобаның құны 4 млрд теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы 6 мың тонна сүтке дейін жетеді. Көрсеткіштері айтарлықтай жақсы, тек шикі сүттің сатып алу бағасына қатысты мәселе бар.
ОЛЖАС БЕКТАСОВ, «Қызылжар сүт» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Бір алаңдататыны, жыл басынан бері шикі сүт 50 теңгеге арзандап қалды. Қазіргі таңда ол өз бағасын жоғалтуда.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Бұл мәселе тек біздің облыста ғана емес, республика көлемінде де бар. Ел бойынша баға 40-50 теңге шамасында төмендеп кеткен. Бірақ, табыс әкелуде.
Кәсіпорын Петропавлдың 3 зауытымен серіктес. Одан кейін Райымбек Баталов Аққайың ауданының Ленин ауылындағы «Иван Зенченко» серіктестігінің жұмысымен танысты. Шаруашылық 1400 бас малға есептелген. Ішіне заманауи қондырғылар орнатылған. Бір сиырдан күніне 33 литр сүт алынады екен.
ИВАН ЗЕНЧЕНКО, «Иван Зенченко» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Мұнда төлдер туылып, жас малдар өсіріледі. Бұқаларды басқа аудандағы бордақылау алаңына апарамыз. Қазір онда 2,5 мың бас бар. Ай сайын 400-500-дей қара мал сатамыз. Енді күніне 20 басқа арналған мал сою алаңын салу жоспарлануда.
Сүт фермалары – өңіріміздегі аса маңызды жобалардың бірі болып табылады. Кәсіпорын халықты жұмыс орнымен ғана қамтамасыз етіп қоймайды. Сонымен қатар, мұнда табиғи әрі экологиялық тұрғыда таза өнім шығарылады. “Зенченконың” айран, сүзбе, сүті сатып алушылар арасында зор сұранысқа ие. Бүгінде олардың көтерме бағасы 300 теңгенің шамасында. Ұлттық палата басшысы Аралағаш ауылындағы бройлер құс фабрикасында да болды.Нысанда жылына 10 мың тонна құс еті өндіріледі. Оны жүзеге асыруға 8 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. Жұмыс сапарының соңында Райымбек Баталов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Жиында бірқатар мәселелер қаралды. Оның ішінде көршілес елдерден өнім әкелу және отандық өндірісті дамыту туралы талқыланды.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы:
– Мы должны более внимательно подходить к качеству продукции. Потому что, мы развиваем своё промышленное производство и контроль здесь достаточно жёсткий. Для нас важно в этих рыночных условиях – конкуренция и повышение производительности.
Гульден Симбаева