Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осыдан 2 жыл бұрын құрылды. Қазір өзін тек тиімді жағынан көрсетуде. Мұндағы мамандардың басты мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың құқығын қорғау. 6 айдағы жұмыстың қорытындысын сот төрағасы Бердібек Мұстафин жіпке тізді.
БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
– Осы жылы 369 талап арыз түсті. Тұрғындар көбіне жеке сот орындаушыларының іс-әрекеттеріне шағымданады.
Екінші орында – жер, ал үшінші сатыда тұрғын үй дауы тұр. Демек, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұлға мен мемлекеттік органдар арасында туындаған мәселені де шешеді. Статистикаға сүйенсек, мұндай жайттардың дені сотта біржақты етіледі.
БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
– 172 талап арыз сотпен қайтарылды. Негізгі себеп – сотта 2 жақтың татуласуы. Мұндай 89 жағдай тіркелді. Бұл – өте оң көрсеткіш.
Соттың келісіммен аяқталғаны жақсы. Тараптар 1 залда отырып, қол алысса, іс насырға шаппайды әрі уақыт әжептәуір үнемделеді.
БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
– Мемлекеттік органдардың көбісі келісімге келіп, дауды шешіп жатыр. Бұған біз ризамыз. Екіжақты түсіністіктің арқасында мәселелер тез шешілуде. Соттың шешімі 2 айда күшіне енеді. Ал егер біз татуласу келісімін бекітсек, шешім 10 күнде күшіне енеді.
“Негізсіз талаптар” деген де бар. Жыл басынан бері 109 талап арызды жәбірленушілердің өздері қайтарыпты. Тұрғындар көбіне сотқа дейінгі әзірлік кезінде райынан қайтады.
Байболат Култанов