Қоғам

Жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

Қыстың қамын жазда ойла. Бұл – Интернационал көшесі, 33 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үй. Жертөледе алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Қуатты қондырғымен жылу жүйесіне қысым жіберу арқылы жуып-шаю жұмысы атқарылуда. Әдеттегі қысымның мөлшері 3-3,5 атмосфер болса, қазір жіберіліп жатқан қысым 6 атмосферді құрайды. Яғни, 2 есе көп күш-қуат қолданылып жатыр деген сөз.

ГҮЛНӘР КӘРІБАЕВА, “Интернациональная, 33” МИБ төрағасы:

– Жылыту маусымы аяқталған соң, міндетті түрде жазғы дайындық жұмыстары басталады. Тұрғындарды алдын ала ескертеміз. Біз маусымның 15-сінен шілденің 15-сіне дейін барлық тұрғын үйге хабарландандыру ілдік. Жуып-шаю жұмыстарын 17 шілдеден бастадық. Сондай-ақ, 3 баспанадағы бойлерді ауыстырдық.

Жуып-шаю жұмысының ұзақтығы 2 сағатқа созылады. Таза су ақпайынша үздіксіз қысым жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бұл процеске бейжай қарауға болмайды. Түймедей нәрседен түйедей қауіп төніп, апат болуы мүмкін. Сол себепті, жуып-шаю жұмыстары кезінде тұрғындар үйде болуы қажет.

ГҮЛНӘР КӘРІБАЕВА, “Интернациональная, 33” МИБ төрағасы:

– Үйде тым болмағанда 1 ересек адам қалуы қажет. Бізде осыған дейін авариялық оқиғалар болды. Мәселен, 1 пәтер қараусыз қалып, ондағы жылу құбыры жарылған. Содан су ағып, астыңғы қабаттағы пәтерлерді су басты.

Әрине, жаз мезгілі – үйді жөндеу жұмыстары нағыз қызатын шақ. Бірақ, оны да өз уақытысымен істеген дұрыс. Кейбір үйлерде жөндеу жұмысы жүріп жатқандықтан жылыту жүйесін тазалау процесі ұзаққа созылады екен.

ЕРБҰЛАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім маманы:

– Жалпы, Петропавлда жалпы саны 1135 тұрғын үй бар. Бүгінде оның 200-ден астамында тексеру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған шаруа 18 пайызды құрайды. Кей үйлерде жөндеу жүріп жатқандықтан процес шамалы ұзаққа созылуы мүмкін.

Жалпы, қаладағы көпқабатты үйлердің жылыту жүйесін жуып-шаю жұмысы тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

 

Аснурия Абдула