БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Спортсүйер қауымнан сүйінші сұраймыз! Солтүстікқазақстандық палуан Аманғали Бекболатов кезекті мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұл жолы грек-рим күресінің шебері Будапешт төрінде өткен рейтингілік турнирде атой салды. Мажарстан астанасында 55 келінің үздігі 5 бірдей қарсыласын тізе бүктірді.
АМАНҒАЛИ БЕКБОЛАТОВ, халықаралық турнирдің жеңімпазы:
– Бірінші айналымда Америка палуанымен күрестім. Оны 9 да 0 есебімен ұттым. Екінші, үшінші айналымдарда ирандық және қазақстандық палуандарды ұттым. Ал төртінші айналымда Грузия елінің өкілін айқын басымдықпен жеңдім.
Осылайша, Аманғали финалға жолдама алды. Ақтық сында оны Румынияның үкілеген үміті күтіп тұрды. Қарсылас қанша мықты болғанымен қазақтың қайсар ұлына азуы батпады. Ойсырай ұтылды.
АМАНҒАЛИ БЕКБОЛАТОВ, халықаралық турнирдің жеңімпазы:
– Финалда румын палуанымен кездестім. Европа чемпионы деген атағы бар. Оны 9 да 0 есебімен ұттым. Жеңісті күндерде жүздескенше!
Бұл – ағымдағы жылдағы соңғы әлемдік рейтингтік турнир. Бұған дейінгі екеуінде Аманғали Бекболатов чемпион атанды және қола жүлдеге қол жеткізді. Мұндай жарыстардың қорытындысы бойынша жаһанның үздіктері анықталады. Жыл соңында Бүкіләлемдік күрес қауымдастығы соған сүйене отырып, белді палуандарға ақшалай жүлде табыстайды.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Аманғали Бекболатов халықаралық додаға дейін әлемдік рейтингтің үшінші сатысында тұрады. Ал Будапештегі жарқын жеңісінен кейін Ұлттық құраманың белді мүшесі бірінші орынға шықты. Яғни, жаһандағы кіл мықтылардың көшін бастады. Сөз соңында айта кетейік, Мажарстан астанасында қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері жалпы саны 2 жүлде еншіледі. Қоржынға Аманғалидің алтынынан кейін шымкенттік Мұхаммедәлі Мамырбек қола медаль салды.
Байболат Култанов