Сабантой – татар халқының ең сүйікті, атаулы мейрамдарының бірі. Бұл мерекеде олардың дәстүр-жоралғылары, әндері мен билері, ұлттық ойындары ортаға салынады. Дәстүрлі түрде жыл сайын тойланатын мейрам бұл жолы да жоғары деңгейде өтті.
Ән-шашуды тамашалаймыз деген халықтың саны мыңға жуықтайды. Өнер көрсетуші топтың бірі балалардан құралса, бірі қарт кісілерден тұрады. Үлкендер әуезді әуеннің ырғағымен билеп жүр. Татар халқының өрнектелген ұлттық киімін киген қариялар топ болып сахнада ән шырқады.
Мерекеде татар халқының дастарханы жайылып, ұлттық киімдері мен көне және жаңа қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Мәселен, мына ыдыс 19-шы ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басында жасалыпты.
Сонымен қатар, кітаптар мен ескі фотосуреттер де жұрттың қызығушылығын тудырды.
НАИЛЬ АБРАЕВ, облыстық “Дуслық” татар-башқұрт орталығы” ҚБ басшысы:
– Италия мен Швейцариядан келген татар халқының өкілдері де болды. Олар мерекедегі керемет, жылы атмосфераны сезініп бір марқайып қалды. Жыл сайын Қазан қаласынан келетін қонақтарымыз да бар. Сабантой мерекесін пандемиядан кейін осы жылы ауқымды түрде тойлап жатырмыз.
Жұртшылық ағайынды ұлт өкілдерінің тәтті-дәмдісінен ауыз тиді. Мерекелік концерттен бөлек арқан тарту, гір көтеру сияқты спорттық ойындарға ұласты.
Акжунис Мухатай