Облыс орталығында сенбі күні ҚР жазғы чемпионатының ашылуы өтті. Мұнда жеткіншектер 2 жас санаты бойынша бақ сынайды: 15 пен 17 және 18 бен 19 жас аралықтары. Додаға еліміздің 8 облысынан сайдың тасындай іріктелген 200-ден астам спортшы қатыспақ.
ДЕНИС ЧУМАНОВ, чемпионаттың бас төрешісі:
– Спортшылар жекелей жарыс, спринт эстафетасы және роллер тебу түрлерінен жарысатын болады. Асфальт тегіс болғандықтан роллер тебуден де жарыс өткізуді шештік. Жалпы, петропавлдық команда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Былтыр әр жарыс түрінен 4 жеңімпаз болды. Биыл да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттемін.
Ашылу салтанаты барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов биатлоншыларға сәттілік тіледі. Ол биатлонда физикалық дайындық пен қуат қажет ететінін атап өтті.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, облыстық СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Құрметті спортшылар, сіздерге тек сәттілік тілеймін. Араларыңыздан тек мықтысы жеңсін. Өңірімізден Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев және басқа да көптеген құрметті спортшылар бар екенін ұмытпау қажет.
Көп кешікпей жарыс басталып кетті. Биатлоншылар жекелей жарыста сынға түсуде. Жігіттер 1200 шақырымға жүгірсе, қыздар 1000 метрді бағындырулары қажет. Спортшылардың әрқайсысы 1-ші орын алуға асық. Эльдар Брюшковтың спортпен айналысып жүргеніне – 9 жыл. Ол мәреге 28 минутта жетті.
Эльдар Брюшков, чемпионатқа қатысушы:
– Бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Чемпионат жыл сайын өткізіледі, жыл сайын нәтижемізді жақсартуға тырысып жүрміз. Қыркүйек айында Шортандыда Азия чемпионаты өтеді. Қазір соған да дайындалып жатырмыз.
Жарыста мергендік те сыналады. Спортшылар түрегеп тұрып және жүгіріп келе жатып 50 метр дерден 5 нысананы пневматикалық винтовкамен атады. Эльдар Верховников мәреге 29 минут 30 секундта жетті.
ЭЛЬДАР ВЕРХОВНИКОВ, чемпионатқа қатысушы:
– Қарсыластарым мықты. Мен спорт шеберлігіне үміткермін. Спортпен кәсіби түрде айналысып жүргеніме 7 жылдан асты. Биатлон – мергендік пен шапшаңдықты қажет ететін спорт түрі.
Жарыс 4 күнге созылады. Жеңімпаздар шілденің 19-ы күні марапатталады.
Гульден Симбаева