Облыс әкімі Айдарбек Сапаров коммуналдық кәсіпорындардың басшыларымен жедел кеңес өткізді. Облыс орталығында тұрғындар коммуналдық қызметтің жұмысына жиі шағымданады. Әсіресе, су құбырлары, электр және жылу желілерін жөндегеннен кейін жолдар мен жаяу жүргіншілер жолы уақытында қалыпқа келтірілмейді. Аймақ басшысы мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайтынын және оны 10 күнде қалыпқа келтіру керектігін атап өтті. Айдарбек Сапаров коммуналдық кәсіпорындардың басшыларын өз учаскелерін жөндеуге жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ, облыс әкімі жол және коммуналдық қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру мәселесін көтерді. Петропавлда қазір көшелерге асфальт төсеу науқаны жүріп жатыр, 30-дан астам учаскеде жұмыстар жоспарланған. Тиісінше, коммуналдық мекемелер асфальт төселмес бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Аймақ басшысы бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет деді. Коммуналдық қызмет пен жол жөндеушілер бірлесіп, жүйелі жұмыс істеулері керек. Бұл мәселені бақылауда ұстау Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке тапсырылды.
Гульден Симбаева