Қоғам

Кәсіптік біліктілік жүйесін дамыту туралы

Шілде айының басында Мемлекет басшысы «Кәсіптік біліктілік туралы» заңға қол қойды. Аты айтып тұрғандай, бұл құжат жаңа дағдыларды үйреніп, басқа мамандықтарды игеруге жол ашады. Тың жүйе жайлы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингі барысында кеңінен қаузалды. Спикер ретінде шақырылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев таяу арада тәуелсіз сертификаттау енгізілетінін мәлім етті.

ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Жеке жұмыс берушілерге әлі де қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжат қажет. Бұл жағдайда сертификат жұмысқа қабылдау кезінде кейбір мамандық бойынша негізгі құжатқа айналады. Бұл ретте формалды немесе альтернативті білім беру процесінде аталған құзыреттерді бағалауға болады. Жұмыс беруші үшін сертификаттау өте тиімді. Өйткені, жұмысқа тек қана тексерілген азаматтарды алуға мүмкіндік береді.

Бұл жүйе әлемдік тәжірибені жан-жақты талдау арқылы әзірленгенін айта кеткен жөн. Брифингіде Олжас Ордабаев қысқа мерзімде алған сертификат дипломмен қатар тұратынын мәлімдеді.

ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Жұмыс іздеп жүрген қазақстандық өз біліктілігін растау үшін сертификаттау орталығына жүгінеді. Бағалау процедурасы теориялық және практикалық емтихандар түрінде жүзеге асырылады. Тәуелсіз бағалаудан сәтті өткен адамдарға сертификат беріледі. Бұл ретте сертификаттар еңбек нарығында басқа құжаттармен қатар танылатын болады.

Өзге істі меңгерем немесе өз дағдымды дамытамын дейтіндер үшін барлық ақпар интернетте тұр. Кез келген адам танысып, сертификат алу үшін алғашқы қадамдарды жасай алады.

ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері, оның ішінде бағалаудан өтуге болатын кәсіптер бойынша барлық ақпарат Электрондық еңбек биржасының кіші жүйесі болып табылатын Сareer Enbek бірыңғай ақпараттық порталында жинақталады.

Қоса кетейік, жұмыссыздар сертифиттаудан тегін өтеді. Оларға мемлекет атаулы ваучер береді. Ол үшін мансап орталықтарына жүгіну қажет.

 

Байболат Култанов