Қоғам

Қозыбаев университетінің жатақханасы келесі жылы тапсырылады

Кірпіші былтыр қаланған жатақхананың жұмысы бітер емес. Жоспар бойынша Қозыбаев университетіне қарайтын студенттер баспанасы осы жылдың соңында тапсырылуы керек. Бірақ, құрылыс барысы кестеден қалыс қалып жатыр. Сол себепті, нысан келесі жылдың жаз айында тапсырылуы мүмкін. Іске жауапты мердігер – «Основание» серіктестігі.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, «Основание» ЖШС директоры:

– Өткен жылдың басында тендер өткізілгенде басқа компания ұтқан болатын. Сот болды, ол бірнеше айға созылып кетті. Құрылыс кезінде қиындықтар туындады. Материал жеткізілмеді, кірпіштің көлемі келмей қалды. Түйткілдерді шешкенше біраз уақыт жоғалттық.

Жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге қаражат бөлінді. 1200 орынға арналған қос нысанның 40 пайызы ғана салынған. Жатақхана құрылысымен танысуға бүгін Мәжіліс және Сенат депутаттары келді. Олардың мердігердің жұмысына көңілдері толмады.

– Основной генподрядчик придет с опозданием. А еще останется инфраструктура не подтянутой. Мне, по крайней мере, будет стыдно молодым ребятам в глаза смотреть.

11 қабатты қос жатақхана бұзылған жеке сектордың орнына салынып жатыр. Бірақ, әлі бірнеше ескі үй сүрілмепті. Жұмыстың қарқын алуына сол кедергі болып тұр.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Инфраструктура әлі шешілмеген. Бұзатын үйлер сатылып алынбаған. Бұл жұмыстар шегеріле берсе құрылыс созылып кетеді. Бірнеше объектіде болдық, Ақжар ауданында да осындай мәселе. Құрылыс кешікпес үшін заңға қандай талап енгізу керек деген ой туындайды.

Сондай-ақ, депутаттар ескі үйлерді сатып алу мәселесін үкімет деңгейінде көтеруді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Жыл сайын Қозыбаев университетінің 1,5 мың студентіне жатақханада орын болмағандықтан көп жағдайда пәтер жалдап тұруларына тура келеді. Осы қос нысан тапсырылысымен мәселе айтарлықтай шешілуі тиіс.

 

Гульден Симбаева