Қазақстанда шілденің 1-інен бастап некеге тұру рәсімі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына берілді. Бұған дейін бұл іспен жергілікті әкімдік айналысқан болатын.
Бүгін петропавлдық Кирилл мен Валерия некеге тұруда. Бұл – өзгерістен кейін өтініш толтырған алғашқы жұп. Мектеп партасында көңіл жарастырған ғашықтар бір-біріне жүзік тақты. Олар өмірлеріндегі ерекше сәтке жауапкершілікпен қараған екен.
ВАЛЕРИЯ ЕВСИНА, қала тұрғыны:
– Біз өтініш беруге қанша уақыт кететінін телефон арқылы білдік. Барлығы түсіндірілді. 112-ші кабинетке барып, өтінішімізді жаздық. Барлығы жылдам рәсімделді. Тура 15 күннен кейін құжатымыз дайын болды.
Жалпы айтқанда, ауқымды өзгеріс жоқ. Процедуралардың барлығы өз қалпында қалды. Тек құжат мемлекеттік корпорация қабырғасында әзірленеді. Некеге тұрғысы келетін жандар мұнда жеке басын куәландыратын құжатпен келуі тиіс.
СЕРІК БЕЙСЕНОВ, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ филиал директорының орынбасары:
– Ештеңе өзгермейді. Бәрі сол күйінде қалады. Яғни, азаматтарға қызмет бұрынғыдай ұсынылады. Өтініштерді электронды түрде де қабылдай береміз. Сонымен қатар, тұрғындар осындағы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөліміне келе алады. Болашақта жаңашылдықтар болады.
Жоспар бойынша биыл азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі Халыққа қызмет көрсету орталығына ауыспақ. Онда салтанатты шараға арналған жеке зал болмақ.
Гульден Симбаева