Серік Мұхамедиев Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды. Оның кандидатурасы қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Серік Мақсұтұлы 1965 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 89-шы жылы Өскемендегі құрылыс-жол институтын тәмамдады. Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері еңбек етеді. Еңбек жолында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жоспарлау және сметалық-шарттық жұмысты жүргізу бөлімінің бас маманы, жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Соңғы 1 жарым жыл бойы Ғ.Мүсірепов ауданына жетекшілік етті. Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров Серік Мұхамедиевтің облыс орталығын басқаруға қажет дағды, білімі мен тәжірибесі барын атап өтті. Кейін қалалық әкімдікте актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы жаңа әкімге бірқатар тапсырма жүктеді.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қаражаттың басым бөлігі облыс орталығына бөлінеді. 2017 жылмен салыстырғанда қала бюджеті 2 есеге өсіп, 876 млрд теңгеге жетті. Бірақ, нәтижесі болмағандықтан тұрғындар оның игілігін сезіп жатқан жоқ. Ашығын айтқанда, қала әкімдігінің құрылыс және ТҮКШ саласында атқарып жатқан жұмысы мардымсыз. Жыл басында бірқатар тапсырма берілді. Біріншіден, “Жас өркен”, “Береке” шағын аудандары мен Уәлиханов көшесіндегі 16 үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу және іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Енді биылдан бастап көпқабатты тұрғын үй салу бойынша бірде-бір жоба желісіз, абаттандырусыз іске асырылмайды. Қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Сіздің міндетіңіз – осы үйлердегі шаруаны аз уақыттың ішінде аяқтау.
Айдарбек Сапаровтың пікірінше, жаңа әкім бұрынғы басшылық тарапынан түйіні тарқамай келген мәселелерді шешуі керек.
Айдарбек САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Коммерциялық құрылыс секторында салынып жатқан 28 үйдің 5-і проблемалық болып саналады. Бұл жағдайда алдыңғы қала басшылығы күткен позицияны ұстанудық қажеті жоқ. Жағдайды бақылауға алу керек.
Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында да шешуді қажет ететін проблемалар бар деп атап өтті өңір басшысы.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жаңа инвесторлар жұмыстарын әлі бастаған жоқ. Барлығы – 4 жоба, ешқайсысы аяқталған жоқ. Жоспарда 11 жоба бар. Мұнда қала мен кәсіпкерлік басқармасының бастаған жұмысы сәтсіз болды.
Отырыста жол жөндеу мәселесі де қозғалды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавлдағы 30 көше қосымша жөндеу жұмыстарымен қамтылсын. Сонымен қатар, біз осы 30-ға тағы 15 жолды қосуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан, бұл мәселелер де бақылауға алыну керек. 7 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелер бар. Климаттық жағдайлар мен жаңбырдың салдарынан шаруа тоқтап тұрғаны белгілі. Дегенмен, кейін мамандар күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуі керек, әсіресе, қиылыстарға баса назар аударған жөн.
Айта кетейік, биыл облыс орталығындағы жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді.
Самал Жунусова