Қоғам

Петропавлдағы бірегей жылыжайдың құрылысы аяқталуға жақын

Петропавлда тұрғызылып жатқан жылыжай кешені шілде айының соңына таман іске қосылады. Қазір мұндағы жұмыс 80 пайызға тәмамдалған.

ЕВГЕНИЙ КАТАЕВ, “Зелёный Север” ЖШС аумақ басқарушысы:

– Қазір құрылыс алаңында 60-қа тарта адам жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысының өз міндеті бар. Материалдар үздіксіз жеткізілуде. Шаруаны уақытында аяқтаймыз деп ойлаймын.

Бірегей жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылысқа 5,8 млрд теңге бағыттапты. Қайтарымды негіздегі бұл сомаға “Зеленный Север” серіктестігі 1,4 млрд теңге қосқан.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Зелёный Север” ЖШС директоры:

– Жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай кешенін Нидерланд елінен әкелдік. Ал шыны Ресейден жеткізілді. Сонымен қатар, аумақта мемлекет тарапынан инженерлік желілер тартылып жатыр. Бұл – үлкен қолдау. Кешен ашылғасын 70-ке тарта адамды жұмыспен қамтимыз.

Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталатын жылыжай кешеніндегі жұмыс толығымен автоматты негізде жүргізіледі. Яғни, адам күші аса қажет болмайды. Мысалы, агроном белгілі бір температураны бекітсе, сол температура қыстың суық күндерінде де өзгермей сақталып тұрады.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Зелёный Север” ЖШС директоры:

– Жылыжайда орташа температура +22-24 градус болады. Жылуды 2-ЖЭО-дан алмақпыз. Кешенді 4 арнайы қондырғы жылытады. Бірі қар жиналып, шыны жарылмас үшін төбені жылы күйде ұстайды. Су автоматты түрде таратылып, өнімге жетеді. Жоспар бойынша бұл жылыжайдан жылына 3 мың тонна қияр және қызынақ алмақпыз.

Жоспар бойынша алғашқы партия қазан айында жиналады. Бірінші мақсат – жергілікті сауда нүктелерін қолжетімді қияр және қызанақпен қамту. Ал өнім артылып жатса, “Солтүстік Қазақстанда жасалған” маркасындағы тауар экспортқа шығарылмақ.

 

Байболат Култанов