Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті қолданысқа беріліп, бірден жаңа учаскелік инспектор тағайындалды. Ауылдың тәртіп сақшысы қызметін осы үйде тұрып атқарады.
Нысан бюджеттік қаражатқа салынған. Маңайды абаттандыруға “Дамир” шаруа қожалығы септесіпті. Үйдің әрі кеңсенің ашылу салтанатына қатысқан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мамандарға тәртіп пен заң талаптарының сақталуын жіті бақылау қажеттігін айтты.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, облыстық полиция департаментінің бастығы:
– Ауылды жерде жиі орын алатын қылмыс түрі – мал ұрлығы. Шаруаның бағып отырған малы – ауыл тұрғындары үшін табыс пен күнкөріс көзі. 2019 жылы мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмыс түріне жатқызылды және қылмыс түрінде қаралатын болды. Нәтижесінде облыста мал ұрлығының саны төрт есеге төмендеді.
Осындай үлгідегі полиция пункті – облыстағы 8-шісі. Кеңсе-үй өзге аудандарда да салынады.
Аснурия Абдула