Жақында “Отбасы банк” акционерлік қоғамында бірнеше өзгеріс орын алды. Аталған қаржы институты өз салымшыларына 50/50 жүйесін ұсынатыны көпке мәлім. Оны сала өкілдері аралық заем деп атайды. Міне, осы ұғымға қатысты жаңашылдық енгізілді. Енді банк ұсынатын қарыз төмендетілген пайызбен рәсімделетін болады.
НИЯЗ НИЯЗБЕКОВ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің 1-ші санатты маманы:
– 2023 жылғы 15 мамырынан бастап Отбасы банкінде аралық заемдар бойынша сараланған сыйақының төмендетілген мөлшерлемелері қолданылады. Осыған дейін мөлшерлеме диапазоны жылдық 7%-дан 11,5%-ға дейін болған. Енді бұл дәліз 6%-10% аралығында белгіленіп, төмендейтін болады. Кредит бойынша мөлшерлеме көлемі қаражатты депозитте жинақтау мерзіміне және оны толықтыру жиілігіне байланысты болады. Бұл өзгерістер Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыру қағидаларына сай.
Яғни, бұл жерде банк өкілдері депозиттің көлеміне емес, бағалау көрсеткішіне баса мән бермек. Нияз Ниязбековтың сөзінше, 50/50 жүйесі салымшылардың арасында жоғары сұранысқа ие. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы – 80 мыңға тарта несие беріліпті. Соның 68% аралық заемдар екен. Брифингіде бизнесті дамыту бөлімінің 1 санатты маманы Эльмира Баймұхамбетова да сөз алды. Ол Петропавлда тұрғызылған 202 пәтерлі үйге өтініш қабылдау жүріп жатқанын хабарлады.
ЭЛЬМИРА БАЙМҰХАМБЕТОВА, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің 1-ші санатты маманы:
– Жас Өркен ықшам ауданында тұрғызылған үйге өтініш қабылдау 14-ші маусымға дейін жүргізіледі. Баспананы “Единство” серіктестігі “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында тұрғызды. Пәтерлерге жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған біздің салымшыларымыз үміт арта алады. Талап бойынша өтініш жолдаушының шотында үй құнының кем дегенде 20 пайызы болуы керек. Ал несие жылдық 5 пайыздық үстемеақымен рәсімделеді.
Брифинг барысында журналистер “Қызылжар жастары” бағдарламасы жайлы сұрады. Спикерлердің сөзінше, қаржының бөлінбеуіне байланысты бұл жоба таяу арада бастау алмайды.
Байболат Култанов