Қоғам

“Бақытты отбасы” орталығында тегін оқыту курсы басталады

Евгения Захарина – жалғызбасты ана. Қала тұрғыны 2 бүлдіршін тәрбиелеп отыр. Нәзікжандының мамандығы массажист екен. Алайда, оның жалақысы отбасын асырауға жетпейді. Бір күні азаматша әлеуметтік желіден «Бақытты отбасы» орталығы тегін оқыту курсын ұйымдастыратынын көреді. Мүмкіндігін жіберіп алмас үшін Евгения орталыққа жүгінеді.

ЕВГЕНИЯ ЗАХАРИНА, қала тұрғыны:

– Мен бұрыннан қасты түзету және бояу курсына жазылғым келді. Міне, орайы келді. Тегін курс бар екенін көріп, бірден орталыққа келдім. Оқуды аяқтаған соң қаладағы салондардың біріне орналасып, жұмыс істмеймін деген ниеттемін.

Қазіргі уақытта курсқа Евгения Захарина сияқты 50-ден астам адам жазылған. Жалпы, орталықта 10 мамандықты меңгеруге болады.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, «Бақытты отбасы» орталығының директоры:

– Бізге келген жандар тігін тігу, іс жүргізу, флористика бойынша тегін оқиды. Соңында сертификат беріледі. Оған қатысу үшін біздің орталыққа келіп, жазылу керек. 1 курста 20 адам болуы шарт. Қазіргі уақытта түрлі курсқа жазылған адам саны 52-ге жетті. Маусым айында жұмысты бастаймыз. Осы курстарды аяқтаған соң, жұмыс керек адамдарға жұмысқа орналасуға көмектесеміз.

“Бақытты отбасы” орталығында курстардан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіледі. 18 жасқа толмаған мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға заңгер мен психологтар да қолдау білдіреді.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, “Бақытты отбасы” орталығының директоры:

– Орталықта 3 психолог, 1 заңгер бар. Қазір тағы бір заңгерді жұмысқа қабылдайық деп отырмыз. Барлығы 7 адам еңбек етіп жатыр. Көбіне психологиялық тұрғыда жүгінеді. Отбасы ішіндегі мәселелер, баланың қарым-қатынасы. Соңғы екі ай ішінде 450 отбасы жүгінді. Олардың 20 пайызына заңгерлік көмек көрсетілсе, қалған 80 пайызына психологиялық көмек көрсетілді.

Жалпы, орталық өткен жылдың сәуір айында жұмысын бастады. Былтыр мұнда мың жарым отбасы жәрдем алды. Биыл 1800 жанұяға көмек көрсету жоспарланып отыр.

 

Самал Жунусова