Спорт

Қазақ күресінен ҚР ІІМ чемпионаты басталды

Соңғы жылдары елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында ұлттық күрестің танымалдығы артып келеді. Биыл қазақ күресінен дүбірлі дода осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов қатысты. Спорттық іс-шара барысында грек-рим және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында өткізіліп отырған чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.

ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті:

– Мұндай жарыстар керек. Органдардың өз іштерінде ғана емес, республикалық деңгейде өткізілуі керек. Өйткені спорттық дайындық азаматтардың күнделікті жұмысында керек. Жылына бір рет емес бірнеше рет өткізілуі тиіс.

Биылғы жарысқа қатысуға еліміздің 17 облысынан 200-ге тарта спортшы ниет білдірген екен. Сайыстың ережесіне сай балуандар олимпиадалық жүйе бойынша сынға түсетін болады.

ЕРЛАН ҚАБДУӘЛИЕВ, СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бөлім бастығы:

– Жарысқа 32 команда қатысуда. Спортшылар 3 облыстық маңызы бар қалалар мен 17 облыстан келген. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Барлық командаларға сәттілік.

Боз кілімге алғашқылардың бірі болып Түркістан және Маңғыстау облыстарының балуандары шықты. Олар 74 келі салмақ дәрежесінде күресті. Белдесу ұзаққа созылды. Қос спортшының бұл жарысқа мықтап дайындалып келгені осыдан-ақ көрінді. Бақ шаба ма, бап шабама демекші түркістандық Молдаш Төребек қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп кетті.

МОЛДАШ ТӨРЕБЕК, жарысқа қатысушы, Түркістан облысы:

– Өте тартысты белдесу болды. Жеңіске жету қиын болды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Жарыс екі күнге созылады. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы кубок медаль мен бағалы сыйлықтар табысталады.

 

Алдияр Айтпаев