Экология

Жарыса жүріп қоқыс жинады

Тез жүрсең тез тазалайсың. Сенбілікке қатысушылардың бүгінгі ұстанымы осындай. Дене шынығады әрі уақыт үнемделеді. Бір оқпен 2 қоян атты деген осы болар. М.Жұмабаев ауданындағы жастар ресурстық орталығының белсенділері тазалық шарасын ерекше ұйымдастырған.

ГҮЛДАНА НҰРЖІГІТОВА, М.Жұмабаев ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз акцияны ойын түрінде ұйымдастыруды шештік. Бұл басқа сенбіліктерге қарағанда ерекше. Қатысушылар жүгіріп жүріп қоқыс жинайды. 1 сағат уақыт беріледі. Ең көп қоқыс жинаған команда жеңіске жетеді.

Қатысушылардың саны 100-ге жуықтайды. Ереже түсіндірілді. Қап таратылды. Сайыс басталды.

Үлкені мен кішісі апыр-топыр жүгіріп, қоқыс жинауға кірісті.

ӘЛІШЕР АЙТЖАНОВ, мұғалім, М.Жұмабаев ауданы:

– Басқаларына қарағанда қызықты өтіп жатыр. Қоршаған орта тазарады. Тауа аза болады. Таза болғандығы адамдардың өздеріне де жақсы. Өзіміздің табиғатымызды қорғауымыз керек. Барлық командаларға жеңіс тілеймін. Бірақ, бастысы-жеңу емес. Ең бастысы-табиғатымызды тазарту.

Сайыс түріндегі сенбілік жыл сайын өткізіледі екен. Былтырғы сайыстың жеңімпазы Алексей Глиньков. Жас ерікті “Үздік командир” номинациясын иеленген.

АЛЕКСЕЙ ГЛИНЬКОВ, оқушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен “Жасыл ел” жасағында 2 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біздің команда алдыңғы жылы 1-орынды иеленді. 300 келі қоқыс жинадық. Тазалықты әр адам бірінші өзінен бастауы керек.

Көзді ашып-жұмғанша командалар қаптарын арқалап
келіп жатты. Таразымен өлшеп, есімдері жазылып алынды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар таратылды. Қалған қатысушылар да құр алақан қалған жоқ. Көлдің маңынан 619 келі қоқыс жиналды.

 

Аснурия Абдула