Білім

Олимпиаданың республикалық кезеңі бастау алды

Петропавлда қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада бастау алды. Оған облыстық кезеңде топ жарған 10-11 сынып оқушылары қатысуда. Білім бәйгесінде Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушысы Адэля Дулатова да бақ сынап жатыр. Ол орыс тілі пәнін таңдапты.
Болашағынан зор үміт күттіретін білімді жас Астанадағы AIU университетіне оқуға түсіп, мұғалім атанғысы келеді.

АДЭЛЯ ДУЛАТОВА, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Олимпиадаға 4 жыл бойы қатысып жүрмін. Республикалық олимпиадаға 3-ші рет қатысуым. Негізі, мен 7-сыныпта орыс тілі пәнінің 1-ші сабағында олимпиадаға қатысатынымды шештім. 7-8 сыныптан бастап дайындықты бастадым. Мен 10-сыныпта республикалық олимпиададан 2-орын алдым. Осы жылы эссе жазуға дайындығымның көп бөлігін бөлдім. Мен үшін олимпиада – болашаққа деген фундамент, маңызды қадам.

Айта кетейік, олимпиада бір уақыта еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Білім додасы 2 кезеңнен тұрады. Тапсырмаларды орындауға оқушыларға 2 сағат беріледі. Республикалық кезеңнен сүрінбей өткендер халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Біздің облысымыздан олимпиадаға барлығы 37 бала қатысып жатыр. Оның 15-і ауылды мекендерден келіп отыр. Барлығына дерлік жағдай жасалған. Өткен жылы бізде 24 оқушы жүлделі орындарға ие болған. 1 алтын медаль, 4 күміс медаль және 19 қола медаль иеленді. Биылғы нәтиже де жақсы болады деп сенеміз.

Олимпиада 21-сәуір күні өз мәресіне жетеді. Оқушы алған нәтижесі көңілден шықпаған жағдайда аппеляцияға бере алады. Сайыс барысын онлайн режимде «Дарын» РҒПО-ның сайтынан көруге болады

 

Аснурия Абдула