Ауыл шаруашылығы

Биыл СҚО-да 4,5 млн га жерге егін егіледі

Бұл – «Asyl Farms» серіктестігінің машина-трактор паркі.
Кривощеково ауылында орын тепкен агроқұрылым 2018 жылы іске қосылған. Серіктестікте 100-ден астам техника бар. Оның дені – өнімділігі жоғары комбайндар, тегеурінді тракторлар, егістік кешендері мен тұқым сепкіштер. Мұнда жыл сайын көктемгі егіс қарсаңында жаңа техника сатып алынады. Инженер Самат Мұқатаевтың айтуынша техниканың көбі жаңа болғандықтан көктемгі-дала жұмыстарына дайындық та көп уақыт алмайды.

САМАТ МҰҚАТАЕВ, «Asyl Farms» ЖШС инженері, Шал ақын ауданы:

– Негізі, көктемге дайындықты қыста бастадық. Техника тұратын жер жылы. Комбайн-тракторлардың 70 пайызы жаңа. Егін себу науқанына толық дайынбыз деуге болады. Барлығын тексеріп қойдық, ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды.

Осы ұсақ-түйек дүниенің өзі кедергі болмас үшін техника егін егілетін жерде жүргізіліп, сыналды. Агроқұрылымның бағыты аралас: өндірген өнімдерінің бірі – майлы дақылдар Польша мен Беларусьтағы май өңдеу компанияларына жеткізіліп тұрады. Мұнда «Claas» комбайндарын құп көреді. Күн жылынысымен аталған тегеурінді техниканың көмегімен 70 мың гектарға жуық жерге егін егіледі.

Ауыл шаруашылығы дақылдарына, соның ішінде көкөністер де бар, барлығы – Шал ақын ауданында биыл 246 мың гектар аумақ қарастырылған. Дақылдардың өнімділігін арттыру және топырақтың құнарлылығын сақтау мақсатында 10,8 мың тонна көлемінде минералды тыңайытқыш сатып алынады. Сонымен қатар, алқаптағы арамшөпке қарсы тазалау жұмысы жүргізіледі.

СЕЙІТЖАН ҚАМЫТБЕКОВ, Шал ақын ауданы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Дәнді және дәндібұршақты дақылдар 182 мың гектарға егіледі, майлы дақылдар 52 мың гектар жерге себіледі, жемшөп – 86 мың, картоп – 2,5 мың, ал көкөністер 200 гектарға егіледі. Осы мақсатта 23 мың тонна тұқым сатып алынып, тексерілді. Аудан бойынша техниканың дайындығы 90% құрайды. Агроқұрылымдар жанар-жағармаймен толық көлемде қамтылды. Машина-трактор паркі жыл сайын жаңартылып тұрады. Тағы 155 техника сатып алу жоспарланған. Егіс жұмыстарына мамыр айының орта тұсында кірісеміз.

Өңірдегі агроқұрылымдардың кейбіреуі ылғал жабу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәуір айының үшінші онкүндігінде күн жылынуы тиіс, сонда түкпірде жатқан тұқым далаға шығарылады. Сол сәтте ол дәріленеді. Техникаға тағы бір тоқталып өтейік, облыс бойынша егін науқанына 13 мыңнан астам трактор, 15 мыңға жуық тұқым сепкіш, мың жарымға жуық заманауи егістік кешені қатыстырылады.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Облыста 219 машина-трактор шеберханасы бар, олардың барлығы жөндеу жұмыстарын аяқтап жатыр. Өткен жылы облыс диқандары 81 млрд теңгеге 2400-ден астам техникамен құрал-жабдық сатып алынды. Биыл тағыда 2450 бірлікке жуық жаңа техника сатып алыну жоспарланып отыр. Егіс көлемі 4,5 млн га құрайды. Соның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары – 3,2 млн га және майлы дақылдар – 970 мың га астам. Қазіргі уақытта ешқандай мәселе туындаған жоқ. Жанармай уақытында берілді. Осы жылы 73,6 мың тонна бөлінді.

Айта кетейік, биыл өңірде әлеуметтік маңызды дақылдар: қарақұмық, картоп пен көкөніс егілетін аумақтар кеңейтіліп отыр.

 

Гульден Симбаева