Қазақстанға автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы 10 сәуірден бастап күшіне енді. Министрлікте атап өткендей, соңғы бірнеше жыл Қазақстан бидайдың заңсыз әкелінуінен зардап шегуде. Салалық қауымдастықтардың деректері бойынша “сұр” импорттың көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде бағаланады. Әкелінген бидай қосылған құн салығы төленбестен шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде рәсімделеді, транзиттік тариф төленбестен Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі. Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мәселен, былтыр шілде айынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендепті. Айта кетейік, елімізге бидай әкелуге тыйым 6 айға енгізілді.
Самал Жунусова