Экономика және қаржы

“Жастарды шағын несиелеу” бағдарламасы жүзеге асырылуда

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1-ші қыркүйектегі Жолдауында жастардың кәсіпкерлік ынтасын қолдауға бағытталған құрал ойластыруды тапсырған болатын. Наурыздың соңында жастарға арналған жылдық 2,5 пайыздық шағын несие беру туралы бағдарлама іске асырыла бастады. Оған 21 жастан бастап 35 жасқа дейінгі жандар қатыса алады. Бизнес-бағытқа қатысты шектеу жоқ.

АЛМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:

– Жастар 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Мал шаруашылығына қатысты жобаға берілген кредитті өтеу мерзімі – 7 жыл, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін төлеу мерзімі қарастырылған.

Жеңілдік мерзімі рәсімделген несие сомасына байланысты беріледі.
Өтініш берген сәтте жастардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы шарт. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Ондай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады. Ал шағын несие қандай жағдайда берілмейді?

АЛМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:

– Шағын несие тұрғын үйге жататын жылжымайтын мүлікті сату немесе сатып алуға, ойын бизнесіне және алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға берілмейді. Сондай-ақ, біз жеңіл автокөлікті кепіл ретінде қабылдай алмаймыз.

Қазір Аграрлық несие корпорациясының филиалына наурыздың соңынан 100-ден астам жас өтінім беріпті. Өтінім 15 күн ішінде қаралады. Қажетті құжаттар тізімін және басқа да ақпаратты www.agrocredit.kz. сайтынан немесе экранда көрсетілген нөмірге хабарласып білуге болады. (8-701-006-15-87).

 

Самал Жунусова