Қоғам

Петропавл торабындағы көпір арқылы жүк көліктері мүлде қатынамауы мүмкін

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бетіндегі мұзы еріген ерке Есіл арнасымен ақырын ағып жатыр. Бұл жерден өзеннің гүрілі аса естілмейді. Дегенмен, жақын арада құлақ тұнбақ. Бүгін таңертең Сергеев қоймасындағы су ернеуінен асты деген ақпарат келіп жетті. Демек, көп ұзамай үлкен көлемдегі тіршілік көзі Петропавлға жетеді.

Сонау Арқадан бастау алып, бер жақтағы алаптары арқылы көлемі ұлғайған көл-көсір Есіл суын қабылдауға өңіріміздегі тораптар дайын. Алдымен Сергеев қоймасы туралы баяндайық. Бұл нысан жайлы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылатыны шындық. Кейбіреулер оны бұзылуға шақ деп те жүр. Бұл күдікті “Қазсушар” кәсіпорны облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин жоққа шығарды.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Сергеев қоймасы – бетоннан құйылған нысан. Оның қабырғалары – 2 метр 40 сантиметр. Ол бұзылмайды. Тек деформационный шов пайда болады.

Деформациялық тігіс немесе сызат қойманың өзінде емес, көпірінде екенін білген жөн. Ол күнделікті әрлі-берлі қатынайтын жүк көліктерінің әсерінен пайда болатын көрінеді. Назар аударарлық жайт, Петропавл торабында да дәл осындай жағдай. Тіпті, мұндағы жағдай мүшкіл. Арнайы жүргізілген тексерістің нәтижесінде көпір апаттық деп танылыпты. Енді онымен ауыр жүк машиналары мүлде жүрмеуі мүмкін

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Бұл көпірмен тек жеңіл көліктерді жүргізген жөн. Сосын, көпірдің асфальт жабындысын жаңарту қажет. Бұған көп ақша керек.

Қазір бұл мәселе жергілікті әкімдікте қаралып жатыр екен. Жақын арада тиісті шешім қабылданбақ. Әңгіме барысында филиал директорынан Ақмола облысындағы жағдай туралы сұрадық. Көрші өңірдегі өзендер де енді еріп, Есілге құю бастапты. Болжам дайын. Биыл облыс аумағынан млрд текше метрге жақын су өтеді деп күтілуде.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Судың келуін бәрі күтіп отыр. Былтыр да, алдыңғы жылы да су аз болды. Өзеннің бойында шөп еседі, балық болады. Судан қауіптенбеу керек.

Уәлиханов ауданына қатысты ақпармен де бөлісейік. Мұндағы бірнеше ауыл көктем келсе сары уайымға салынады. Алайда, биыл қобалжудың қажеті жоқ. Сала өкілдері шалғайдағы ауданда жағдай тұрақты деп отыр.

 

Байболат Култанов