Солтүстікқазақстандық аяқдоп шеберлері айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кеше жергілікті “Қызылжар” сырт алаңда азулы “Ақтөбені” тізе бүктірді. Матч 1 де 3 есебімен аяқталды. Петропавлдықтар сапынан алдымен Лука Имнадзе көзге түсті. Екінші таймда бразилиялық шабуылшы Витор Пернамбуко шеберлігімен танылды. Оның айып алаңының сыртынан тепкен добына қақпашы тосқауыл бола алмады. Кездесудің нүктесін
Юрий Бушман қойды. Ол пенальтиден мүлт кетпеді. “Қызылжар” – біріншіліктің 4 турында жеңіске жеткен жалғыз клуб. Қазір теріскейлік ұжым 12 ұпаймен турнирлік кестеде жеке-дара көш бастап тұр. Кезекті қарсылас – “Атырау” командасы. Жайық жағасының жігіттеріне қарсы ойын сәуірдің 8-і күні Петропавлдағы “Жастар” стадионында өтеді. Басталу уақыты 16:00-ге белгіленген.
Байболат Култанов