Sailau banner

Денсаулық сақтау

Кардиологиялық орталықта бірегей операция жасалды

Петропавлдағы кардиологиялық орталықта ресейлік дәрігерлердің көмегімен бірегей операция жасалды. Қос тараптың өкілдері 4 бірдей науқастың жүрегіне қойылған стентті ерекше дәрі арқылы тазартты. Мұндай тәсіл Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған. Яғни, тың әдісті солтүстікқазақстандық мамандар елімізде алғаш меңгеріп отыр.

ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Бізге дәрі қабаты бар су жаңа баллон жеткізілді. Соңғы үлгідегі өнім коронарлық артерия тақтасының ішкі бөлігіне енгізіледі. Нәтижесінде тамыр кеңейіп, қан айналымы жақсарады. Бұл науқастың өзін жақсы сезінуіне ықпал етеді.

Қарапайым тілмен айтсақ, дәрі қабаты адамның жүрегіне орнатылған стентті артық заттардан тазалайды. Мұндай операциядан кейін бұрын 1 жыл көлемінде препарат қабылдаған науқас 1 ай ғана ішеді. Бұл да артерияның қайта бітелу қаупін әжептәуір азайтады. Сапасы аса жоғары дәрі қазір батыста кеңінен қолданылуда. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылдан бері Европаның 10-нан аса клиникасында 1500-ден астам науқасқа енгізіліпті. Барлық ота сәтті аяқталған және нәтижесі көңілге қаяу салмаған.

ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Бұл технология дер кезінде жетті. Енді біз стент қойылған жандарға тиісті көмек көрсетіп, өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Осы орайда айта кеткен жөн, диаметрі өте кіші тамырларға стент орнату мүмкін емес. Ал иненің көзіндей ғана артериялар да бітелуі мүмкін екенін білген жөн. Соларды осы дәрі арқылы тазалауға болады. Демек, өнімнің мүмкіндігі зор.

Стент тақырыбына қайта оралайық. 2009 жылдан бері кардиологиялық орталыққа жүгінген адамдарға 6 жарым мыңнан астам құрылғы қойылыпты. Дәрігерлердің сөзінше, ем алған жандардың 10 пайызға дейін бөлігі заман игілігін тазарту көмегін қажет етуі мүмкін.

ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Операция жайлы айтсам, наркоз қолданылмайды, дене кесілмейді. Кішкентай ғана тесік жасап, арнайы катетер орнатамыз. Сол арқылы баллон коронарлық артерия тақтасының ішкі бөлігіне жетеді. Артынша дәрі тарайды. Ота орта есеппен 30-40 минутқа созылады.

Бүгін операция жасалған науқастың бірі – 1955-ші жылы туған нәзікжанды. Оның жүрегіндегі диаметрі кіші тамыры бітеліпті. Кеуде тұсы мазалап, шыдатпағасын азаматша дәрігерлерге жүгінген екен. Қуанышымызға орай, ота сәтті аяқталды.

АҢСАТ НҰРЫМБЕКОВ, облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының интервенциялық кардиологы:

– Операция жақсы өтті. Науқас ранимация бөлімшесіне жеткізілді. Дәрігердің қарауында болады. Мәскеулік әріптестердің әдіс-тәсілдерін үйрендік.

Асқа немқұрайлы қарау – жүрек ауруларына алып келетін негізгі фактор. Осыны алға тартқан дәрігерлер тұрғындарды дұрыс тамақтануға шақырады.
Қоса кеткен жөн, кардиологиялық орталық қабырғасында тың операция тегін жасалады.

 

Байболат Култанов