Қоғам

Облыс орталығында көгершіндер жәрмеңкесі өтті

Көгершін – бейбітшіліктің белгісі. Өткен демалыс күндері тыныштық пен береке әкелетін құстардың жәрмеңкесі өтті. Өңір аудандары, Көкшетау, Қостанай қаласы және көршілес Ресейден келген 300-ге тарта көгершін өсіруші жиналды. Сергей Сусленко Омбы облысындағы Есілкөл қаласынан арнайы келіпті. “Көгершіндерді өсіріп-баптау оңай жұмыс емес. Бұл іспен ықыласы бар адам айналысуы керек”,- дейді.

СЕРГЕЙ СУСЛЕНКО, көгершін өсіруші, Омбы облысы:

– Көгершін өсіру ісіне бала кезімнен жақын болдым. Ата-анам көгершін өсіретін. Өзім Петропавлда ұйымдастырылатын жәрмеңкелерді қалдырмаймын. Осындағы өз ісінің шеберлерінің бәрін танимын. Мен көгершіндерді ақша табу үшін өсірмеймін. Бұл – менің жан қалауым.

Сергей Сусленко жәрмеңкеде 30-ға жуық көгершін әкеліпті. Түрлері де сан алуан: Омбының ақ көгершіні, курцы және галка. Бұдан да өзгеше құстар жетерлік.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Жәрмеңкеде көгершіннің түрі көп. Мынау “лимонный фазан” деп аталады. Оның ерекшелігі – әдемілігінде. Тағам талғамайды, аса күтімді қажет етпейді. Тек уақытылы азық беріп отырсаң болғаны.

Облыс орталығында көгершін өсірумен 200 адам айналысады. Жалпы, жәрмеңкеге 500-ге тарта қанатты жеткізілген. 10-нан астам түрі бар. Әрқайсысы ерекше күтімді қажет етеді. Бірақ, жиналғандар үшін бұл іспен айналысу қуаныш сыйлайды. Петропавлдық Евгений Богданов та солардың қатарында.

ЕВГЕНИЙ БОГДАНОВ, көгершін өсіруші, Петропавл қаласы:

– Әрине, көгершіндерге күтім керек. Жәй ғана жем, су құйып кете алмайсың. Жағдайларын қадағалап, қамқорлық көрсету қажет. Оған қоса түрлі инфекциялық ауруларға қарсы уақытылы екпе егу керек.

Жиналған ағайын көгершіннің осыншалықты көп түрін алғаш рет көріп тұрмыз дейді.

– Көгершіндер өте әдемі. Өткен жылы да келгенбіз. Биыл жеткізілген кұстардың арасында ерекшелері көп екен.
– Қостанайдан арнайы келдім. Өзім де көгершін ұстаймын. Мен үшін әр көгершін қызықты
– Көгершіндер өте көп екен. Әрқайсысына қарап таң қаласың. Алуан түрлілігін көріп тамсандым.

Сонымен қатар, жәрмеңкеде келушілерге арналып күйіз үйлер бой көтерді. Қалаған жан ішіне кіріп, дәмді тағамнан ауыз тиді.

 

Самал Жунусова