№586 сайлау учаскесі комиссиясының мүшелері учаскеге сағат 6-да келді. Олар барлығын тағы бір рет тексеріп, дауыс берушілердің келуіне дайындыққа кірісіп кетті. Шамамен 6 жарым кезінде урнаны бекітті.
Бұл іс бақылаушылардың қадағалауымен жүргізілді. Бүгін олар сайлау барысының осы учаскеде заңға сай өтуін жіті назарда ұстайды.
ГАЛИНА МИТРОФАНОВА, №586 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:
– Комиссия құрамында 7 адам бар. Бесеуі сайлау бюллетеньдерін береді. Учаске бойынша 5 адам сайлауға алғаш рет қатысқалы отыр. Үйде дауыс береміз деп 4 өтінім келіп түсті, сағат 12-ге дейін тағы да осындай өтініштер болуы мүмкін. Содан кейін урнаны алып үйлерді аралаймыз. Негізі, учаскеде барлығы дайын тұр. Комиссия мүшелеріне тізім мен бюллетеньдер таратылды.
Бюллетень саны 5-еу, түстері әр түрлі. Бұл сайлаушылардың ыңғайлылығы үшін жасалып отыр. Жалпы, Парламентке депутат сайлау тәуелсіздік алғалы 8-ші рет өтіп жатыр.
Сонымен, сағат 7-де учаске ресми түрде ашылды. Алғаш рет дауыс беретіндерге шағын сыйлықтар беріледі.
Мәжіліс пен мәслихаттарға жалпы саны 14 207 адам депутаттыққа үміткер. Оның 556-сы – солтүстікқазақстандықтар. Георгий Антонов – сайлау учаскесіне ерте келгендердің бірі. Зейнеткер осындай саяси науқаннан қалыс қалмайды. Өйткені, ел дамуына бағыт-бағдар беретін сайлауда өз ұстанымын білдіруді парызы деп санайды.
ГЕОРГИЙ АНТОНОВ, қала тұрғыны:
– Сайлау науқаны зор жауапкершілікпен ұйымдастырылған. Оған қатысу әркімнің азаматтық парызы деп ойлаймын. Сол белсенділіктің нәтижесінде көпті толғандырып жүрген мәселелер шешіледі.
№586 сайлау учаскесінде барлығы – 1284 дауыс беруші тіркелген.
Бүгін 384 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың сайлауға қатысуға құқығы бар.
Өңірде 631 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. 97-сі облыс орталығында орналасқан.
Данаш Хамзина