Жаға ұстатарлық жағдай! Желтоқсанның 5-і күні Петропавлдағы Чкалов-Уәлиханов-Мүсірепов-Назарбаев көшелерінің қиылысында тұрғызылып жатқан көпқабатты үйде тас қалаушы қаза тапты. “Алайда, әлі тексеріс жұмыстары басталмады”,- дейді марқұмның інісі Еркебұлан Мәденов. Оның сөзінше, бұл іске жергілікті органдар көз жұма қарап отыр. Бүгін ол облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мен БАҚ өкілдеріне жүгінді. Тілшілерге берген сұхбатында жерлесіміз 47 жастағы ағасының биіктен құлап көз жұмғанын айтты. Марқұмның басы 20-ға тарта жерден жарылыпты. Дәрігерлер 3 рет операция жасағанымен, ажалды ауыздықтай алмаған.
ЕРКЕБҰЛАН МӘДЕНОВ
– Ағам 1 жарым метрлік сатыдан құлап көз жұмды. Талап бойынша 1 метр 30 сантиметрден кейін саты жан-жақты тірелуі тиіс. Қазір тірелмегендігі анықталып отыр. Оның үстіне сатылары өте сапасыз. Мен өзім құрылысшымын. Барлығын жақсы білемін. Құрылыс алаңында қауіпсіздікке мүлге көңіл бөлінбеген. Маған үйді тұрғызып жатқан компанияның заңгері хабарласып, материалдық төлем ретінде ақша ұсынды. Мен алмайтынымды бірден айттым.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– Біз жағдаймен таныспыз. Марқұм Мәденов пен “Құрылыс-Сервис-СК” серіктестігі арасында азаматтық-құқықтық келісім жасалған. Ал біздің орган еңбек келісімшарты жасалған жағдайда ғана тексеріс жүргізе алады. Бұл жерде марқұмның туыстары полицияға жүгінуі тиіс.