Мәдениет

Аяған Шәжімбаевтің туғанына – 70 жыл

Аяған Шәжімбаетің туғанына – 70 жыл. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Алаштың Аяғаны» атты еске алу кеші өтті. Бірі білсе, бірі білмес, Аяған Қуандықұлы – кинорежиссёр, актер, публицист. Дарынды тұлға бала кезден зерек болып өсіпті. Жастайынан кітапқа қызыққан, спортпен шұғылданған.

Ортада – Аяған Шәжімбаевтің досы Есләмбек Бекмурзин. Ағамыздың айтуынша, достар №2 облыстық қазақ мектеп-интернатында бірге тұрып, бір нанды бөліп жеген.

ЕСЛӘМБЕК БЕКМУРЗИН, Аяған Шәжімбаетің досы:
–  Кісіге өте жақын болды. Биязы, көпшіл. Айтқан сөзіне, достыққа берік болды. Сабағында да алда жүрді. Спортпен де жақсы айналысты. Жамбыл Тасеменов ағамыздың қолында жаттықты. Ол кісіні өте жақсы көретін. Жетістіктері де жаман болған жоқ.

Аяған Шәжімбаетің өмірі “Ленинское знамя”, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетімен тікелей байланысты. Оның 70-ші жылдары жаңа фильмдерге жазған рецензиялары осы басылымда жарық көріп отырыпты. Жерлесіміз 72 мен 74-ші жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер және режиссер қызметтерін атқарды. Сол жақта 10 шақты деректі фильм түсірді. Еске алу кешіне өнер иесінің туған ағасы Құдайберді Қуандықұлы да қатысты. Ол інісінің бала күнін еске алды.

ҚҰДАЙБЕРДІ ҚУАНДЫҚҰЛЫ, Аяған Шәжімбевтің ағасы:
– Ол атасы мен әжесінің баласы болды. Аяғанды қастарына ертіп жүретін. Қандай әңгіме болса да кірісіп кетіп, дұрыс емес жерлерді түзеп отыратын.

Айта кетейік, Аяған Шәжімбаевтің есімі Есіл ауданының орталығындағы мектептердің біріне және Петропавлдағы көшеге берілген.


Гульден Симбаева