Аптадағы маңызды жаңалықтар

Вице-министр теріскейліктердің мәселесін тыңдады

 

 

 

Өңірге жасаған сапары барысында ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі азаматтармен, бизнес және қоғам өкілдерімен кездесті. Жүздесуде алдымен тың жаңалықтар жіпке тізілді. Өз сөзінде Арман Шаққалиев теріскейлік кәсіпкерлер үшін аса маңызды оң өзгерістерге де тоқталып өтті. Соның бірі – алмалы-төкпелі заманда сонау Иранда елімізге тиесілі порттың салынатындығы.АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі:
– Бұл порттың бізге берері мол. Парсы шығанағында өзімізге тиесілі портты іске қоссақ, тауарымызды Иранға, Пәкістанға қиындықсыз жеткізетін боламыз. Осы орайда солтүстікқазақстандық диқандардың құлағына алтын сырға. Алдымызда экспорт көлемін арттыру міндеті тұр. Сондықтан, барлығын жан-жақты саралап, жұмыс істегеніміз жөн.

Порт пайда болғанша теріскейлік тауар өндірушілерге табан тоздырып, осындай жиындарда сөз алуға тура келетін сияқты. Қазір кейбір солтүстікқазақсандық кәсіпкерлер өнімін діттеген жерге жеткізе алмай отыр. Мысалы, ұн мен астық саудалайтын “DEZ” серіктестігі төбесі жабық вагон таба алар емес. Мәселені кәсіпорын директоры вице-министрға баян етті.

ДУРСУН ТАНРИКУЛУ, “DEZ” ЖШС директоры:
– Ағымдағы жылы бізді тығырыққа тіреген ауқымды проблема – вагонның жоқтығы. Паркті ұлғайту керек деп санаймыз. Бұл мәселеге тағы бір бас қайғымызды қоса кетейік. Соңғы бірнеше айдың ішінде тасымал құралдарының қызметі қымбаттап кетті. Қазір өнімді тасымалдау үшін бұрынғыдан шамамен 3 көп ақша шығарып отырмыз.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі:
– Кәсіпкерлерді төбесі жабық вагонмен қамтамасыз етумен «Қазтеміртранс» компаниясы айналысады. Аталған компания басшылығына Үкімет басшысы паркті ұлғайту бойынша тапсырма жүктеді. Тағы басымдықты шикізат емес, өңделген өнім экспорттаушыларға беру жайлы айтылды. Енді қызмет құнына келейік. «Қазтеміртранс» өкілдері тарифтің өзгелерден әжептәуір төмен екендігін алға тартады.

Кездесуде облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая да сөз алды. Нәзікжандының мәселесі өнімдердің сапасына қатысты болды. Айтуынша, уақыт өткен сайын кәсіпкерлердің арасында іске жүрдім-бардым қарайтындардың саны артып барады.

НАДЕЖДА ДУБОВАЯ, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:
–  Тауарлардың сапасына қатысты шағым көбейді. Тұрғындардың басым бөлігі азық-түліктің сапасыздығын алға тартады. Мен сатып алушы жандармен толық келісемін. Қазір кейбір кәсіпкерлер өнімдерге қатысты мәліметті дұрыс көрсетпейді.

Бұл мәселеден Арман Шаққалиев хабардар. Министрлік проблеманы шешу үшін шешім қабылдапты. Жақын арада өзгеріс орын алмақ.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі:
–  Надежда Владимировна, біз жаңа заң әзірледік. Оның аясында тұтынушылардың мүмкіндігі артып, кәсіпкерлерге талап қатаңдатылатын болады. Жаңашылдық халықтың көңілінен шығарына сенімдіміз.

Жиында қаралған әр мәселе бақылауға алынбақ. Кездесу соңында бірінші вице-министр барлық проблеманы саралап, бүгін сұрақ қойған азаматтарға жеке-жеке жауап жолдауға уәде берді.


Байболат Култанов