Бизнес және экономика

Теңгеге – 29 жыл

 

 

Осыдан тура 29 жыл бұрын еліміз кеңес рублінен бас тартып, өзінің төл теңгесін айналымға шығарды. Ол кездері бізде баспа фабрикасы әлі ашылмаған еді. Сол себепті, алғашқы монеталар Ұлыбританиядан жеткізілді. Өңір аумағынан 19 млрд рубль сомасына рубльдік банкноттар алынды. 362 мың адамға ақша айырбасталған еді. Жасыратыны жоқ, 93-жылдан бері төл валютамыз талай сынақтан өтті. Бірнеше мәрте әлсіреп, нығайтылды. 4 девальвацияны бастан кешірді.

ЕРЛАН ӘЛІБАЙ, Қозыбаев университетінің оқытушысы, политолог:
– Бастапқыда теңгенің курсын мемлекет белгілеп отырды. Бізде нарықтық экономика болғандықтан, кейін бұдан бас тарттық. Валютаға еркіндік беріп, сауда жағынан сұранысы бақыланды. 2015 жылы теңге Еуропаның ең құнсызданған валютасы болып танылды. Сол жағдайдан соң жаңа бағыт алдық. Жаңа тәсілдерді меңгеріп, теңгенің дәрежесін өсіру жолдары қарастырылды.

Уақыт талабына сай валютаның дизайны да сан мәрте өзгеріске ұшырады. Политологтар банкноттар әлі де ауыстырылады дейді. Өйткені, қазіргі уақытта жалған ақшалардың саны көбейіп кеткенін білеміз. Заңсыз әрекеттерді тыю мақсатында өзгерістің орны зор. Сарапшылардың айтуынша, миллион банкнотқа 3 жалған ақшадан келеді.

ЕРЛАН ӘЛІБАЙ, Қозыбаев университетінің оқытушысы, политолог:
– Бұны теңгенің басқа ақшаларға қарағанда қолданысы аздау екенімен байланыстыруға болады. Алайда, ел үкіметі жаңа технологиялардың, ерекше, өзгеше дизайндардың арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Яғни, көшірмесін жасауға тосқауыл қоюда. Ресей рублінің миллион данасына 10-15 жалған ақшадан келеді. Доллар мен евроныкі бұдан да көп.

Ерлан Әлібайдың сөзінше, қазір тұрғындардың теңгеге деген көзқарасы да өзгергендей. Өңірде депозиттік ақшаны теңгемен сақтауда айтарлықтай өсім бар.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Халықтың банк жүйесі мен теңгеге деген сенімінің артып келе жатқанын депозиттік базаның өсуінен-ақ көруге болады. Мәселен, биыл банк жүйелеріндегі ақшалай қаражаттың мөлшері 280 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға көп.


Алтынай Казиканова