МТРА жаңалықтары

2 күнде жарақат зардабын емдеу пунктіне 50-ден астам адам жүгінген

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші: – Демалыс күндері ауа райы күрт бұзылып, салдары көктайғаққа ұласты. Жаяу жүргіншілердің құлап, жарақат алуы жиіледі. Осы бір-екі күнде жарақат зардабын емдеу пунктіне 50-ден астам адам

 

 

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Демалыс күндері ауа райы күрт бұзылып, салдары көктайғаққа ұласты. Жаяу жүргіншілердің құлап, жарақат алуы жиіледі. Осы бір-екі күнде жарақат зардабын емдеу пунктіне 50-ден астам адам жүгінген. Оның 14-і дене мүшесін сындырып алған. Ал бесеуі ауруханаға жатқызылды.

Көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілеп кетті. Демалыс күндері облыста 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам жарақат алды. Жұмадан сенбіге қараған түні Петропавл айналма жолында Өскеменге бара жатқан DAF маркалы ауыр жүк көлігі жолдан шығып кетті. Бұл факті бойынша полицияға ешкім жүгінбеген. Ал сенбіде «Škoda Rapid» пен «Chevrolet» көліктері соқтығысып, соңғысы жолға жақын тұрған қызды қағып өткен. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелген жоқ. Жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді. Бұл факті бойынша жиналған материалдар қалалық полиция бөліміне жіберілді.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
–  Ауа райының нашарлауына, температураның төмендеуіне, жауын-шашынның түсуіне және мұздың пайда болуына байланысты жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау, автошиналарды уақытылы ауыстыру және көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылап отыру қажет. Әсіресе, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау. Тайғанақ және қарлы жолдардағы жүру қағидаларын ұстану сіздің көлігіңізді ғана емес, сонымен қатар, жол қозғалысының барлық қатысушыларының денсаулығы мен өмірін сақтайды.

Жел тұрып, түк көрінбеген жолда жүру де қауіпті. Сенбі мен жексенбі аралығында “Астана-Петропавл” тас жолы жабылды. Астанадан Екатеринбургке бара жатқан автобус жүргізушісі Келлеровка ауылының тұсында тоқтауға мәжбүр болған. 40-тан астам жолаушы жылыту қосынына жеткізілген. Жалпы, жыл басынан бері облыс жолдарында 250-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 42 адам қайтыс болып, 350-ден астамы жарақат алды. Мамандар автокөлік иелері мен жаяу жүргіншілерге жолда барынша абай болу қажеттігін ескертеді.


Самал Жунусова