ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Алдағы 5 жылда мектепке дейінгі тәрбиенің «ойын арқылы оқыту» жаңа моделін енгізу, балабақшалар мен орталықтар ашу, тәрбиешілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Жекелеген пәндер бойынша мектеп бағдарламалары жетілдіріледі. Бұл ретте мектептерге кезең-кезеңімен академиялық автономия берілетін болады. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі мектептерде қорытынды бағалау нәтижелерін тану бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда. Оқу процесін цифрландыру шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
– 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады. Сонымен қатар, құжатта Балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген.
Үкімет басшысының айтуынша, шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
– Тұжырымдаманың барлық жоспарлары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан, балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет.
Жастарға кәсіпкерлік дағдыларын оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүргізілуде. 2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады.
Дана Ешкенова