ТЖ

Құтқарушылар күні аталып өтті

Құтқарушылар күніне орай жастар сарайында салтанатты жиын өтті. Зал толы – өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, қыста адамды қар құрсауынан шығаратын мамандар, жалпы департамент қызметкерлері мен ардагерлер отыр. Мереке

 

Құтқарушылар күніне орай жастар сарайында салтанатты жиын өтті.
Зал толы – өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, қыста адамды қар құрсауынан шығаратын мамандар, жалпы департамент қызметкерлері мен ардагерлер отыр. Мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтап, құтқарушы деген мамандықтың қоғамдағы мәртебесіне тоқталып өтті.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары
– Күн-түн демей кез келген қауіптің бетін қайтаруға даяр тұратын білікті мамансыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында жүздеген адам өмірі мен мүлкі сақталып қалды. Биылдың өзінде департаменттің жедел қызметтері 2400-ден астам шақыртуға шығып, 200 адамды құтқарды, мыңнан астам адамды эвакуациялады.

Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері өртте, суда, су тасқыны болғанда, құйын мен боранда да өз өмірін қатерге тіге отыра өзге жанды құтқарады. Төтенше жағдай туындағанда қиын жағдайда қалған адамға бірінші болып көмектесетін осы жандар.  Салтанатты жиында маңдайалды мамандар марапатталды. Бұл жолы облыс әкімінің Құрмет грамотасына 2 азамат ие болды, Тағы бірқатарына Алғыс хаттар табыс етілді.  Қос қызметкердің мерзімінен бұрын шені өсті, тағы бірнешеуі медальдармен марапатталды.

Ербол Мұханбеталинге «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі табыс етілді.
Азаматтың 17 жылдық еңбек өтілі бар. Құтқарушы болуды бала кезінен армандаған екен.

ЕРБОЛ МҰХАНБЕТАЛИН СҚО ТЖД бөлім бастығы
–  Төтенше жағдайлар саласында 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Бірте-бірте дәрежем де өсті. Өрт кезінде адамдарды құтқарған кез де болды. Әрине, бұл – біздің міндетіміз. Нағыз құтқарушы жылдам әрекет етуі қажет, бойында батылдық пен сабырлық болуы керек. Бұл – екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиеттер.

Жиында баланы судан құтқарған батыл жандардың да ерлігі ескерусіз қалмады. Уәлиханов ауданының тұрғыны Ерлан Тілеуқабылов құдыққа түсіп кеткен 3 жасар сәбиді алып шыққан. Азамат бүгін “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен марапатталды.

ЕРЛАН ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, Бидайық ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:
– Оқиға қыркүйек айында түс кезінде болды. Ауылдағы дүкен жанынан көлікпен өтіп бара жатқам. Ата-әжесі дүкенге кіріп кетіп, сыртта жалғыз қалған баланың құдыққа құлап түскенін көріп қалдым. Жалма-жан көлігімді тоқтатып, жүгіріп бардым. Дереу дүкенге кіріп, арқан байлап, баланың соңынан түстім.
Бала су бетінде ес-түссіз жатты. Алып шықтым, сәлден соң есін жинады.

Жалпы, өңірдің төтенше жағдайлар саласында барлығы – 700-ден астам өрт сөндіруші мен құтқарушы еңбек етеді.
Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын концертпен жалғасты.


Гульден Симбаева