МТРА жаңалықтары

Жолдау жүктеген міндеттер

Қазақта «Отан отбасыдан басталады» деген терең мағыналы сөз бар. Алайда, бұл сөзді кейбір жандар түсіне бермейді. Әй-шәйге келмей ашуға салынып, үйде ұрыс шығарады. Көбінесе мұның салдарынан әйел адам зардап шегеді.

 

Қазақта «Отан отбасыдан басталады» деген терең мағыналы сөз бар. Алайда, бұл сөзді кейбір жандар түсіне бермейді. Әй-шәйге келмей ашуға салынып, үйде ұрыс шығарады. Көбінесе мұның салдарынан әйел адам зардап шегеді. Қоғамдағы өзекті проблемаға Президент биылғы Жолдауында тоқталды. Үзінді ұсынайық.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
–  Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек.

Тәрбиеге де мән берген жоқ. Жастар, жас отбасыларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтқан, көрсеткен маңызды. Бұл ретте театрдың алатын орны бөлек.

Осыдан 1 ай бұрын С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында премьера сахналанды. “Ең жақсы әйел” атты қойылымда азамат пен азаматша арасындағы теңсіздік мәселесі әзіл арқылы көтеріледі. Спекталь езу тартқызғанымен, көңілге кәдімгідей ой салады. Бұл қара шаңырақ қабырғасында нәзікжандыларға қатысты қойылған жалғыз туынды емес. Бұған дейін көрермен Жүсіпбек Аймауытовтың “Сылаң қыз” атты еңбегін тамашалады. Онда оқымай қалған бойжеткеннің тағдыры көрініс табады. Өкінішке қарай, мұндай мәселе қазір де бар.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Қазір балаға мән бермейтін, баланың болашағына балта шабатын неше түрлі отбасылар бар. Біз көрерменге ой салғымыз келеді.

Нашақорлық та күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Президент Жолдауында бұл проблемаға да тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
–  Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет.

Тағы да театрға ораламыз, тәрбиеге сүйенеміз. Жергілікті актерлер жастар ақ пен қараны ажырату үшін тер төгіп жүр. “Қасірет” атты қойылым елдің есінде шығар?

Қойылымда есірткіге тәуелді бала, қиналған ана ойнайды. Нашақор құмарын қандыру үшін үйіндегісін сатады. Бұл – көпшілікке таныс мәселе. Актерлер осы арқылы проблеманы көпшілікке көрсеткісі, жастарға ұғындырғысы келіпті.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Қазір интернет дамыған заман. Бала бір көріп, ойындағысын жүзеге асырады. Біздің қойылым ой салды.

Театр труппасы қазір ой үстінде. Ұжым көрерменге тың дүние ұсынып, тәнті еткісі келеді.


Байболат Култанов