Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жастарға өндіріс орындары таныстырылды

 

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шаһардағы өндіріс орындарын аралады. Алдымен аймақ басшысы “Максимальный размах” серіктестігінде болды. Бұл кәсіпорын жаңа цех ашып отыр. Оның іші соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Өңір жетекшісіне жаңа цехты “Максимальный размах” серіктестігінің директоры Максим Калинин таныстырды. Әр қондырғы әртүрлі жұмыс атқарады. Нәтижесінде мынандай 100-ге тарта жартылай фабрикат дайындалады.

Жақында цех толық қуатқа көшпек. Сонда шығарылатын жартылай фабрикаттардың көлемі еселеп ұлғаймақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Осы жобаны іске асыру бойынша осыдан 2 жыл бұрын келіссөз жүргіздік. Міне, нәтижесін көріп отырмыз. Бұл жобаға 1 млрд 300 млн теңге инвестиция тартылды. Қазір 1 айда 240 тонна өнім шығарылса, енді 700 тоннаға дейін жетейін деп отыр.

Мұнымен серіктестік тоқтап қалмақ емес. Келесі жылы кәсіпкер тағы бір өндіріс орнын ашпақшы. Сонда айына 1200 тонна өнім шығарылатын болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Біз жыл артқан сайын азық-түлік өнімдерінің көлемін көбейтудеміз. Мысалы, 2017-ші жылы 98 млрд теңгенің өнімі шығарылыпты. Ал былтыр 168 млрд теңгенің тауары шығарылыпты. Осы жылы одан да көп болады.

Кездесу соңында Құмар Ақсақалов кәсіпкерге алғыс білдіріп, сәттілік тіледі. 2024-те Петропавлда ДСП зауыты ашылады. Оны “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігі тұрғызып жатыр. Жобаға бақандай 8 млрд теңге инвестиция құйылыпты.

АЙВАЗ БАКИРОВ, “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС бас директорының орынбасары:
– Бұрын бұл жерде зауыт болыпты. Бірақ, ол іске қосылмаған екен. Біз биыл сонау 91-ші жылдан бері қаңырап бос тұрған кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгірттік. Апаттық деп танылған плита, қабырғалардың барлығын бұзамыз. Қазір аумақта 90-ға тарта адам еңбек етіп жатыр.

Биыл кәсіпкер нысанның қабырғасы мен шатырын жаппақ. Кейін мамандар ішкі жұмыстарға кіріседі. Шаруа келесі жылдың соңына қарай аяқталып, өндіріс ошағы алғашқы өнімдерін шығармақ. Жылдық қуаттылық – 50 мың текше метр ДСП мен ЛДСП. Зауыт 300 адамды еңбекпен қамтиды.

Серіктестік өкілдері көшет егетін болады. Сосын қалдықсыз жұмыс істемек. Яғни, жарамсыз деп танылғанның бәрі: бұтақ, үгінді мен ағаштың сырты пайдаға жаратылады. Кәсіпорын ішкі нарықты 100 пайыз жабатынын да айта кету қажет. Өнімнің бір бөлігі сыртқа да сатылмақ. Болашақ зауытпен танысу барысында облыс әкімі жай тұрған нысандарға жан бітіру – негізгі мақсаттардың бірі екенін мәлім етті. Аз-кем статистикамен бөлісейік. Осыдан 5 жыл бұрын өңірде 300 мың шаршы метр қаңырап бос тұрыпты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бүгінгі күнге дейін 200 мың шаршы метр іске қосылды. Енді 100 мың шаршы метр қалып отыр. Мына зауыттың аумағы – 25 мың шаршы метр. Бұл көрсеткішті азайтпақ.

Келесі жылы қаламызда ресейлік қалталы азаматтардың қаржылық қолдауымен Жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы құрылымдар зауыты іске қосылады. Мұндағы өнімдер зор сұранысқа ие болмақ. Олармен нысандарды аз уақыттың ішінде тұрғызуға мүмкіндік туады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Біздің облысымыздағы тауарлы-сүт фермаларының бәрі осы ЛСТК-дан немесе қара темірден тұрғызылып жатыр. Материал өте мықты.

Осы орайда салыстырмалы дерекпен бөлісейік. Өзге материалмен тауарлы-сүт фермалары 2 жылдың ішінде тұрғызылады екен. Ал жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы құрылымдармен 1 жылда өндіріс орнын ашуға мүмкіндік тумақ. Демек, уақыт әжептәуір үнемделеді. Әңгіме барысында облыс әкімі қаламызда германиялық инвесторлар тағы бір зауыт ашқысы келетінін айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Ол зауытта прицеп пен “CLASS” компаниясына қажетті заттар жасалмақ. Жер бөлінді. Келесі жылы жүзеге асырылатын болады.

Әр объектіде жастар болды. Құмар Ақсақалов қыз-жігіттерге бастамалар жайлы кеңінен айтты. Мақсат – кейінгі буынды жұмысқа ынталандыру.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүкіл жұмыс жастар үшін жасалады. Балалар сол жұмыстарды көруі керек. Кәсіпкерлермен танысуы қажет. Кәсіпкерлер балаларды жұмысқа шақырып отыр.

Жастарға бұл экскурсия ұнады. Олар жаңа өндіріс ошақтары жайлы қатарластарына айтпақ ниетте.

ЖАНАТ КӘКІМОВ, белсенді:
– Ашығын айту қажет, соңғы уақытта бізден өзге жаққа қоныс аударған жастардың саны ұлғайды. Мынандай бастамалардан кейін ешқайда кетудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жалақылары да жоғары. Өзімнің көңілімнен шықты. Тың жобалар жайлы қыз-жігіттерге міндетті түрде айтатын боламыз.

Байболат Култанов