МТРА жаңалықтары

СҚО-да алаяқтық жасаған шенеунік 3 жылға сотталды

 

СҚО-да алаяқтық жасаған шенеунік 3 жылға сотталды.

Өткен жылдың тамыз айында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласындағы жүйелі қылмысты ашты.
Жергілікті компанияның басшысы билік өкіліне бір емес, бірнеше рет пара берген. Ақша үшін конкурсқа кедергісіз қатысуды сұраған. Осы қылмыстық іске Қызылжар ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мереке Ағажановтың қатысы бары анықталған.

ДАМИР ХАБИБУЛИН, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:
– Жоғарыда аталған қылмыстық істі тергеу барысында Қызылжар ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мереке Ағажановтың алаяқтыққа жол бергені анықталды. Атап айтқанда, Ағажанов серіктестік директорынан мемлекеттік сатып алуға еш қиындықсыз қатыстырып, кәсіпорынның тұрақтылық коэффициентін арттырғаны үшін 1 млн 250 мың теңге мөлшерінде заңсыз материалдық сыйақы алды.

Сот шенеунікке 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырды.


Дана Ешкенова