МТРА жаңалықтары

Өңір жетекшісі жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды

 

Жол және таза ауыз су. Бұл екі мәселе көптен бері Тимирязев тұрғындарының мазасын қашырып келген. Көкейде жүрген түйткілдерді ауылдағы ағайын облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу барысында ашық жеткізді.
Өңір жетекшісімен кездесу өтеді дегенді естіген Дружба елді мекенінің тұрғындары жиынға тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Ауылдықтарды мектептің жағдайы да алаңдататын көрінеді. Оқу ұясының шатырын, терезелері мен жылыту жүйесін толығымен ауыстыру қажет. Ауқымды шаруаға облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінсе дейді ата-аналар.

ТАМАША ШАЙМЕРДЕНОВА, Дружба аулының тұрғыны
– Облыста көптеген мектептердің жөнделіп жатқанын естіп, көріп жүрміз. Бұл кезек біздің мектепке қашан жетеді? Ауылдағы білім ұясы әбден ескірді. Біз балаларымыздың заманауи, жаңартылған, әдемі нысанда оқығанын қалаймыз. Сондықтан, осы мәселе шешілсе жақсы болар еді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Бүгінде біз 2023 жылы жөнделуі тиіс нысандардың тізімін құрып жатырмыз. Бұл тізімге сіздердің мектептеріңізді міндетті түрде қосамыз. Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде өңірдегі білім ұяларының 70 пайызы қалыпқа келтірілді. Келер жылы Дружба мектебі де күрделі жөндеуден өтеді.

Тұрғындармен кездесу барысында аймақ басшысы Тимирязев ауданында бірде-бір сүт фермасы жоқ екенін атап өтті. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, мұндай кәсіпорын ашылған жағдайда ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға болады. Осы орайда іске қарқын қосу қажет деді өңір жетекшісі. Жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов аудан орталығындағы мәдениет үйіне де бас сұқты. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Іске 107 млн теңге жұмсалған.

 РАУШАН МЕДЕТОВА, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
– Мәдениет үйі биыл күрделі жөндеуден өтті. Қазандығы қалыпқа келтірілді. Өйткені, бұған дейін ғимарттың іші суық болатын. Енді, нысанның іші жайлы әрі жылы. Ғимараттың шатыры мен қасбеті де жаңартылып, көрермен залы қалыпқа келтірілді.

Кейін облыс әкімі аудан орталығының тұрғындарымен кездесті. Аға буын өкілдері
селоға жаңа қазандық салу қажет дейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Қазандықтардың ескіргені көрініп тұр. Ол қатты қысымға да шыдас бермейді. Сол себепті, келер жылы жаңасын салуды жоспарлау қажет. Бюджетті қарастырып, тиісті қаржы бөлеміз және құрылыс жұмыстары бір жыл ішінде аяқталуы тиіс. Ұзаққа созудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, осы күні Құмар Ақсақалов Докучаево ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізді. Жыл соңында елді мекен халқы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы тиіс. Жұмыстар өткен жылы басталған. Бірақ, тұрғындар шаруа аяқталмай қала ма деп алаңдаулы.

ЕКАТЕРИНА ЕРОФЕЕВА, ДОКУЧАЕВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫ
– Жұмыстар өткен жылы басталды. Бірақ, шаруа баяу жүріп жатыр. Санация жұмыстары барлық ауыл ішіндегі су желілерінде жүргізілгенімен шаруа толық аяқталған жоқ. Ал биыл мердігерлерді бір-екі рет қана көрдік. Желтоқсан айында жоба аяқталуы тиіс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Атқарылып жатқан шаруаны ауданның прокурорлары бақылауға алсын деп тапсырамын. Жұмыстарды желтоқсанға дейін созбай жақын арада аяқтаңыздар.

Докучаев тұрғындарын тағы жол мәселесі де мазалайды. Осыдан 2 жыл бұрын ауылға дейінгі трассаның тең жартысы жөнделіпті. Ал қалғанына қаржы жетпей қалған. Бұл мәселені де біржақты ету қажет деді өңір жетекшісі.


Дана Ешкенова