Мәдениет

Күйші Серікбай Құсайынов 85 жасқа толды

 

Күй десе ішер асын жерге қоятын теріскейлік талант иесі Серікбай Құсайынов 85 жасқа толды. Осыған орай облыстық кітапханада жерлесіміздің мерейтойына арналып шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жанды құттықтауға жақындары мен замандастары жиналған. Облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов жерлесін мақтан тұтатынын, кіші ұлын Серікбай Құсайыновқа домбыра үйрету үшін жібергенін айтады.

ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, облыстың құрметті азаматы
– Ол кісі жуырда Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын алды. Өнер жағынан марапаттары көп. Өзі еңбекқор адам. Өзімнің кіші ұлым мектепте оқығанда сол кісіге апарып бердім. Мен тыңдағанды жақсы көремін, бірақ үйрене алмадым.

Серікбай Құсайынов жастайынан өнерге құштар болып, күй үйренген. Қара домбыраны өзінің жанына ғана серік етпей, өзгелерге де бар білгенін үйретуден еш жалықпаған. Облыс аумағында бірталай ансамбльдер құрып, балалардың ұлттық аспапта ойнауға деген қызығушылығын арттырды. Айта кетсек, Серікбай ағамыздың күй шерткенін кезінде Мәскеуде тікелей эфирде көрсеткен екен.

АМАНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВ, облыстың құрметті азаматы:
– Композиторлар туралы облыстық газетке көптеген
мақалалар жазып жүр. Мен мақалалардың басын қосып, неге бір кітап шығармайсың деп сұрадым. Ақыры бір кітап шығарды. Жасырақ кездерінде қазақтың жігіттері көрші Омбы, Түмен, Қорған облыстарына барып концерт қоятын.  Соның ішінде Серікбай Құсайынов белсене қатысып, халықтың құрметіне бөленді.

Қос ішектің құлағында ойнайтын жерлесіміздің жақындары да өнерден құр алақан емес. Бүгінгі шараға Серікбай Құсайыновты үлгі тұтып, жолын қуған немересі де келіп отыр. Әдеби кеште жастар жағы әсем әннен шашу шашып, ізгі лебіздерін білдірді.


Алтынай Казиканова