МТРА жаңалықтары Қоғам

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні

Қазанның 10-ы – Қазақстан кәсіподақтары күні! Алдағы атаулы датаға орай Петропавлда салтанатты іс-шара өтті. Онда жергілікті бірқатар сала өкілінің еңбегі еленді. Алдымен жиналғандарды Кәсіподақтар федерациясының мүшесі Абылай Әбішев құттықтады.

АБЫЛАЙ ӘБІШЕВ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшесі:
– Сіздерді алдағы мерекемен құттықтаймын! Кәсіподақ – зор күш. Бұған өзім жұмыс беруші болған кезде көзім жетті. Мықты кәсіподағы бар ұжымдардың мамандары қандай да бір мәселемен сотқа, әкімдікке немесе прокуратураға бармайды. Олар өздерінің ішіндегі ұйымға жүгінеді. Осылайша, проблема шешімін табады. Әрине, бұл баршамызды қуантады.

Көп кешікпей марапаттау рәсімі де бастау алды. Мереке қарсаңында «Пошта байланысы жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Береке Шөпенова құрметке бөленді. Оған Кәсіподақтар федерациясынан жолданған “Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін” медалі табысталды.

БЕРЕКЕ ШӨПЕНОВА, «Пошта байланысы жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрайымы:
– Пошта саласындағы кәсіподақ ұйымы 2000-шы жылдан бері жұмыс істейді. 1085 адамымыз бар. Біріңғай ұжымдық шартымыз бар. Онда негізгі ережелері жазылған.

Салтанатты іс-шарада «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі Назгүл Бейсембина да қошеметке бөленді. Ол 7 жылдан бері тарихи мекемеде еңбек етеді. Жақында қара шаңырақты Кәсіподақтар федерациясының төрағасына таныстырыпты. Сатыбалды Дәулеталин азаматшаның еңбегін бағалап, Алғыс хат жолдаған екен.

НАЗГҮЛ БЕЙСЕМБИНА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:
– Ағымдағы жылы ол кісі біздің өңірге жұмыс сапарымен келді. Сонда «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде болды. Мен экскурсия жүргіздім. Еңбегім бағаланды. Рахмет!

Жалпы, Қазақстан кәсіподақтары күніне арналған жиында 30-ға тарта жерлесіміз түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды.

Байболат Култанов