Ералы Тоғжанов шаһардағы зауыттардың жұмысына жоғары баға берді

Аптадағы маңызды жаңалықтар

13:49 25 Тамыз 2022

Аққайыңдар өлкесінде жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс орталығындағы бірнеше нысанда төбе көрсетті. Алдымен Үкімет басшысының орынбасары Жамбыл мен Партизан көшелерінің қиылысында салынып жатқан үйдің құрылысымен танысты. 9 қабатты баспананы «Alageum Electric» компаниясы өз қаражатына салуда. Болашақта тұрғын жайдағы 104 пәтер Петропавл электртехникалық зауытының жұмысшыларына берілмек.

ЕРСҰЛТАН ШӘМШИЕВ, “Петропавл электртехникалық зауыты” ЖШС директоры:
– Үйді сәуір айында соғуды бастадық. Пәтерлердің барлығы біздің компанияда еңбек ететін жұмысшыларға беріледі. 1, 2 және 3 бөлмелі болады. Көбіне оңтүстіктен келген мамандарға беріледі. Биыл толық 9 қабатын көтереміз. Кейін жылу өткіземіз. Содан соң ішін жөндеуге кірісеміз.

Петропавл электртехникалық зауытында еңбек ететін адамдар келесі жылдың сәуір айында қоныс тойын тойламақ. Осы тұста ең маңыздысын айта кетейік, пәтерлер жұмысшыларға 10 жылға пайызсыз негізде беріледі. Яғни, мамандар баспананың тек өзіндік құнын өтейді. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен өндіріс ошағында 150-ден астам жан екі қолға бір күрекпен қамтылған.

Люфт
–  Көбісі оңтүстік өңірлерінен көшіп келген азаматтар. Отбасыларымен келген.

Серіктестік мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта өндіріс ошағының жанынан электрқалқан шығаратын зауыт ашылмақ. Онда 200 адам еңбек ететін болады.

Жергілікті жерде білікті мамандардың қатарын арттыру қажет. Әңгіме барысында Ералы Тоғжанов кадр дайындау мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтып өтті.

Бұған дейін Петропавл электртехникалық зауытының жұмысшылары баспанамен қамтылғаны мәлім. Қаңырап бос тұрған мына 5 қабатты нысанды компания жөндеп, алыстан көз тартар тұрғын жайға айналдырған. Қазір мұнда 40 отбасы тұрады. “Үйіміз жайлы, жылы”,- дейді жерлестеріміз.

НҰРЖАН АБДУЛЛАЕВ, “Петропавл электртехникалық зауыты” ЖШС өндірістік директоры:
– Оңтүстіктен осы жерге келіп, жұмысқа орналастық. Үймен қамтамасыз етті. 2 және 3 бөлмелі пәтерлер берілді.

Баспанамен қамтылғандардың арасында жастар да бар. Біразы “Серпін” бағдарламасы бойынша Қозыбаев университетін тәмамдапты.

САМАТ ЖАНДАР, “Петропавл электртехникалық зауыты” ЖШС қызметкері:
–  2017 жылы жергілікті университетке оқуға түстім. 2021 жылы оқуды тәмамдап, бірден осы «Alageum Electric» компаниясына жұмысқа тұрдым. 200 мыңның үстінде жалақы аламын.

Жұмысшылармен тілдесіп болған соң Премьер-министрдің орынбасары үйге кіріп, жасалған жағдайды көрді. Кейін Ералы Тоғжанов Солтүстік фанер комбинатына барды. Бұл өндіріс ошағы өткен жылдың қаңтар айында іске қосылғаны көпке аян. Кәсіпорын құрылысқа аса қажет материал дайындайды. Фанер жергілікті қайыңнан жасалады.

Комбинат толық қуатқа өткен жылдың маусым айында шыққан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 160-қа жуық адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 180 мың теңге. Мұндағы өндіріс қалдықсыз. Артылған заттардың барлығы пайдаға жаратылады.

 Айваз Бакиров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:
–  Біз бір орында тұрмай даму үстіндеміз. Жуырда ДСП-тақтайларын шығаратын зауыттың құрылысын бастадық. Бұл өндіріс ошағында да қалдықтар қайта өңделетін болады. Кәсіпорынның жалпы аумағы 30 шаршы метрді құрамақ. Жаңадан 300 жұмыс орны ашылады. Келесі жылы мұнда қажетті жабдықтардың барлығын әкелеміз.

ДСП-тақтайларын шығаратын зауыт 2024 жылы ашылмақ. Жоба құны 8 млрд теңгені құрайды.


Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз