МТРА жаңалықтары

Көрнекі ақпараттарды тіл туралы заңға сәйкестендіру

 

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары көшедегі, нысан ішіндегі деректемелер мен көрнекі ақпараттардың дұрыстығына баса назар аударуда. Бұл – базардағы сауда нүктелерінің бірі. Мұнда арнайы топ өкілдері осыдан 2 ай бұрын болып, ас мәзіріндегі қателіктерге қатысты ескерту жасапты. Бүгін олқылықтың жойылғанын тексеру үшін қайта келіп отыр. Өкінішке қарай, кәсіпкер кемшілікті түземепті.

Ұсынылған жаднама қағазда ереже жазылған. Кәсіпкер соған сүйеніп, алдағы уақытта қателікті жояды деген сенімдеміз. Бұдан соң басқарманың бас маманы Фарида Тұяқова өзге сауда нүктесіне барды. Мұнда да қателік анықталды. Мәзірдегі ас-су атаулары тек орыс тілінде жазылыпты.

ФАРИДА ТҰЯҚОВА – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы
–  Ішкі және сыртқы көрнекі ақпарат 2 тілде рәсімделуі тиіс. Мемлекеттік тілде және орыс тілінде. Мемлекеттік тілдегі мәтін сол жақта немесе жоғары, ал орыс тіліндегі мәтін оң жақта немесе төмен орналасуы тиіс.

Мәтіннің орналасуынан бөлек, деректемелер мен көрнекі ақпараттардағы орфографиялық және стилистикалық қателіктерге де мән беру қажет. Арнайы ұйымдастырылған рейд барысында Фарида Тұяқова әр нүктеде негізгі ережелерді жіпке тізіп, олқылықты ретке келтіру бойынша әдістемелік көмек көрсетті.

ФАРИДА ТҰЯҚОВА – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы
–  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерге айыппұл салу қарастырылған. Бірақ, бүгінгі күні оның механизмдері толық қарастырылмаған. Айыппұл салу біздің басқарманың құзырына енбеген.

Мамыр айынан бері басқарма мамандары шаһардағы 350-ден астам нысанға бас сұғыпты. Оның 70% кемшілік анықталған екен. Бүгінгі күнге дейін жартысынан астамы қателікті түзеген көрінеді. Арнайы рейд жыл соңына дейін жалғасады.


Гульден Симбаева