Аққайың ауданындағы «Дайындық» серіктестігіне сонау Австриядан симментал тұқымды ірі қара жеткізілді. Арнайы көліктерге тиелген сүтті және етті бағыттағы құнажындар қазір түсіріледі. Олар үшін қоршау әзірленген, шөп салынған. Қызметкерлердің бірі науаға су да құйып жатыр.
Көп кешікпей құнажындар көліктен түсірілді. Бейтаныс мекен, мүлде жаңа орта. Бастапқыда тұяқтылар жан-жаққа жүгірді, бәрінен үркіді. Уақыт өте келе қимылдары саябырсыды. Зеңгі баба төлдерінің мыңдаған шақырымды артқа тастағаны мәлім. Польшада және Ресейдің Смоленск пен Самара қалалары маңында көлік жүргізушілері тоқтап, малды жайып алыпты. Жүргізбесе болмайды. Бір орында тұра беру төртаяқтылардың денсаулығына зиян.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Бұл малды 3 группаға бөлдік. Бүгін 4 машина 124 басты әкелді. Енді бір жұмадан кейін 2-ші және 2-3 жұмадан кейін 3-ші группа келеді. Сонымен малдың саны 218 бас болады.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Міне, Солтүстік Қазақстанға жеткізілген төртаяқтылардың бір бөлігі түсірілді. Қазір олар арнайы аумақта еркін жүр. Айта кету қажет, бұл тұяқтылар іріктеліп алынған. «Дайындық» серіктестігінің басшысы Біржан Шаймерденов Австрияда 9 күн болыпты. Осы уақыт ішінде аукциондарға қатысып, шаруашылықтарды аралап, Зеңгі баба төлдерін таңдап алған екен.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Бұл малды өз қаражатымызға алдық. 250 млн теңге жұмсалды. Үкіметтен көмек көрсетіледі. Жұмсалған ақшаның 40 пайызы субсидияланады.
Яғни, қалтадан шыққан 250 млн теңгенің жартысына жуығы Үкіметтен қайтарылады. Қалған соманы шетелден жеткізілген мал кем дегенде 1 жылдың ішінде өтейді. Нақтырақ тоқталайық, 218 бастың барлығы жаңа жылға дейін бұзауламақ. Еркек төлдер араға айлар салып сатылады, ал сиырлар сауылады. Осылардың барлығын қоса алғанда шығын толығымен жабылады.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Бірінші группа 19 литрден, ал екінші группа 22 литрден сүт береді. Сүттің бағасы 210 теңге. Оған 45 теңге субсидия қосылады.
Сонда серіктестік 1 литр сүттен 255 теңге табыс тауып отыр. Мал пайда әкелу үшін денсаулығы жақсы болуы тиіс. Сол үшін шаруашылық өкілдері жаңа партияны жіті тексермек.
СЕРІК ТІЛЕУЛЕНОВ, «Дайындық» ЖШС бас зоотехнигі, Аққайың ауданы:
– 30 күн карантинде болады. Содан кейін біз вакцинация жасаймыз. Қан аламыз, тексереміз. Шмалленберг деген ауру бар. Бұл ауруды анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласына сынама жібереміз.
Солтүстіктің шүйгін шөбін сүйсіне жеген тұяқтыларға Орысбек Аюпов қуана қарап тұр. Ақсақал кезінде бірнеше ондаған жыл зоотехник болып жұмыс істепті. Малдың жайын бес саусақтай біледі. Зейнетке шықса да ауылдастарының төрт түлігіне баға беріп, ақылын айтып жүреді екен.
ОРЫСБЕК АЮПОВ, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Мұндай малды мен түсімде де көргем жоқ. 40 жыл жұмыс істедім. Біздің сиырлардың салмағы бар-жоғы 4 центнер, 4 жарым центнер болатын. Мыналар тоннаға дейін барады дейді. Бұлар сүтті де көп береді. Мына малымыз өсіп, елдің байлығына айналсын. Жастарымызға жұмыс.
Жаңа партияның арқасында «Дайындық» серіктестігіндегі ірі қараның саны 1 мыңнан аспақ. Шаруашылық мұнымен тоқтап қалмақ емес. Біржан Шаймерденов келесі жылы Европадан тағы 168 бас мал әкелуді жоспарлап отыр.
Байболат Култанов