Тайыншада егістік күні өтті

МТРА жаңалықтары

17:12 29 Шілде 2022

 

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Өткен жұмада Аққайыңда өткен іс-шара Тайыншада жалғасын тапты. 200-ден астам аграрий “Астық СТЕМ” серіктестігінің егістік жерінде бас қосты. Бүгін іскер азаматтар көкөніс өсіру саласында тыңнан тәжірибе жинақтамақ.

Халықаралық көкөніс өсірушілер күні. Тайыншада өтіп жатқан егістік күні бүгін осындай атауға ие болды. Бірінші кезекте аграрийлер “Астық СТЕМ” серіктестігінің картоп егілген алқабына жиылды. Мұнда “Eurasia Group” серіктестігінің өкілдері тегеурінді техника мен құрал-жабдықтарды таныстырды.

Бұл – GRIMME GL 34. Жабдық – жерге дән сіңіру ісінде таптырмас құрал. Резервуардың сыйымдылығы – 900 литр.

ЮРИЙ БАБИНЦЕВ, “Eurasia Group” ЖШС менеджері
– Бұл жабдық әмбебап болып саналады. Бірден бірнеше қызмет атқарады. Алдыңғы жағында қосымша жер қопсытатын жабдық орналасқан. Содан кейін тұқым себетін бак тұр. Дән түскен жер автоматты түрде залалсыздандырылып отырады. Ол үшін екі жағында әрқайсысы 350 литрлік бак қойылған. Сондай-ақ, GRIMME GL 34-тің бастапқы түптеу жұмыстарын жүргізетін функциясы да бар.

Ал мынау – “Zimmatic” суару жүйесі. Америкалық компанияның өнімі Түркия елінде өндіріледі. Толықтай автоматтандырылып, қашықтықтан басқарылатын құрылғының жалпы ұзындығы 630 метрді құрайды. Сағатына 120 метрді жүріп өтетін жүйе 406 шаршы метр аумақты суарады.

Уақытылы егіліп, дұрыс күтім көріп суарылған тұқым қашанда мол өнім беретіні анық. Көл-көсір азықты күздігүні жинап алу ісінде “VARITRON 470” комбайны – таптырмас техника. Бір жүргенде 8 қатардың картобын теріп өтеді.

ИГОРЬ ГОЛОВАШОВ, “Eurasia Group” ЖШС өңірлік директоры
– 12 сағат ішінде бұл техника 30 гектардың өнімін жинай алады. Комбайнға 7 тонналық бункер орнатылған. Жинаған өнімді жүріп келе жатып келесі көлікке тией алады. Сондай-ақ, картопты толықтай топырақтан тазарту жұмысын да атқарады. Яғни, қоймаға өнім таза күйінде жетеді.

Техникамен танысып, техникалық тұрғыда қауқарын бағамдағаннан кейін аграрийлер шатырларға бет алды. Мұнда тағы бір заманауи құрал-жабдықтар паш етілді. “TARANIS” дроны алқапты аралауда қолданылады. Әуеде заман игілігі 4 бірдей қызмет атқарады.

АНТОН САЙБЕЛЬ, “Eurasia Group” ЖШС FarmSight бойынша маманы
– Дрон арамшөп пен жәндіктерді анықтайды. Олардан келген шығын көлемін есептейді. Сондай-ақ, өнімнің өсіп-жетілуіне не жетіспейді – соны да біліп береді. Дронды жібермес бұрын жүйеге ұшу аумағы туралы ақпарат енгізіледі. Құрылғы әр гектардан бір сурет түсіріп отырып, 200 гектар жерді 40 минутта аралап шығады. Жасанды интеллект толық анализді 24 сағат ішінде әзірлеп береді. Осындай қызмет түрін пайдаланғысы келген аграрийлер әр гектарға 3 доллардан төлеуі қажет.

Алқаптағы экскурсия аяқталғаннан кейін қалың көпшілік Қарағаш ауылына аттанды. Мұнда “Астық СТЕМ” серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы таныстырылды. Нысан 8 жыл бұрын салынған.

Аграрийлер “Combi” бункерінің жұмысын бағамдап жатыр. Көкөніс сақтау қоймасының алдына орнатылған құрылғы жүк көліктері әкелген картоп, сәбізді ішке тасымалдайды. Заман игілігі келген өнімді 3 бөлікке бөледі: қолдануға жарамсыз немесе ұсақ, тұқымдық пен пайдалануға жарамды фракциялар.

 

Қойманың жалпы сыйымдылығы 5300 тоннаны құрайды. Оның 4 мыңы картопқа, қалғаны сәбіз сақтауға арналған.

СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық СТЕМ” ЖШС директоры
– Желдету жүйесі еденнің астынан әрекет етеді. Сол себепті, ккартопты жайып жібереміз. Үйілген өнімнің биіктігі 4 метрге дейін жетеді. Біздегі өнімділік 1 гектардан 45 тоннаны құрайды. Тауарды Ақтөбе, Қарағанды мен Алматы қалаларына жөнелтеміз.

“Астық СТЕМ” серіктестігінің бүгінде 15 мың гектарға жуық егістік жері бар. Оның 370 гектары көкөніске арналған. Алдағы уақытта агроқұрылым басшылығы бұл бағыттағы жерді 500 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Тайыншада өткен егістік күніне өңір аграрийлерімен қатар Қостанай, Қарағанды және Ресейдің Түмен облысынан келген кәсіпкерлер қатысты.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

C.М.Киров атындағы зауыт жас мамандарды жұмысқа шақырады
Көрнекі ақпараттарды тіл туралы заңға сәйкестендіру
Қыстың қамын жаз ойла
Кәсіпкерлер жер мәселесіне тап болды
Биыл өңірде 184 жол-көлік оқиғасы орын алған
Қазақстандықтар қайтарымсыз грант ала алады
QULAN коллекциялық монеталары сатылымға шығарылды
МТРК жаңалықтары 09.08.2022
Әйелдерге арналған шеберлік сағаты
Жанға жылу сыйлаған “ASAR JOLY” қайырымдылық туры
«Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Мамлют ауданының тұрғындарымен кездесті
Қоқыспен күрес