МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында 23 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Ағымдағы жылдың ақпан айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Аталған жиында мемлекет басшысы елдегі ең өзекті проблемалардың бірі – жайылым мәселесіне тоқталды. Отырыста Президент үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін игерілмей жатқан жайылымдарды қайтарып алуды тапсырды.

ГРАФИКА:
– Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жерлер ең алдымен ауыл тұр­ғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр.

Өзекті мәселе облысымызда біртіндеп шешімін тауып жатыр. Жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлермен екіжақты келісімге келіп, олардың пайдаланбай жатқан алқаптарын ауыл тұрғындарының игілігіне беруде. Жақында Қызылжар ауданына қарасты Бугровое елді мекенінің тұрғындары 4 мың гектар шабындыққа ие болыпты. Ауылдағы ағайынға жерді «ШАҒАЛА АГРО» серіктестігі берген екен.

Жаңа алқаптағы көкке орақ салғандардың бірі – Александр Сергеев есімді азамат. Бугровое ауылының тұрғыны бүгінде қыстың қамын жасап, малдарына жем-азық дайындауға кіріскен.

АЛЕКСАНДР СЕРГЕЕВ, Бугровое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Екі жыл қатарынан қуаңшылық болды. Салдарынан шығымдылық көлемі азайып кетті. Молырақ шөп жинап алу үшін шабындық та кең болуы керек. Жергілікті кәсіпкер жағдайды біледі. Сол себепті, биыл бізге 4 мың гектар жерін берді. Қазір ауыл тұрғындары ақырындап шөп шабу науқанына кірісіп жатыр.

Қазіргі күні Бугровое ауылдық округіне 4 елді мекен кіреді. Ауылдарда 200-ден аса үй бар. Олардың 70 пайызына жуығы мал ұстайды. Қуаңшылық қайталанатын болса тұрғындар шөпті дұрыс жинай алмай қалуы мүмкін дейді округ әкімі Марат Жоламанов. Сол себепті, биыл жергілікті әкімдік мемлекеттік қордан тұрғындарға тағы 2 мың гектар жерді пайдалануға берген.

МАРАТ ЖОЛАМАНОВ, Бугровое ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Округ тұрғындарына қажет шабындық пен жайылым жерлер жеткілікті. Сонда да біз азаматтар молынан шөп жинап алсын деп мемлекет тарапынан тағы 2 мың гектар жер беруді жөн көрдік. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші біз шөп орып алуға шамасы келмейтін тұрғындарға да көмектесуге дайынбыз.

Осы орайда айта кетейік, қазіргі күні Қызылжар ауданында 200 мың гектардан астам жер жайылым ретінде пайдаланылады екен. Қазіргі күні аталған ауданда жайылым санын арттыру мақсатында және мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмысы жүргізілуде.

ҚУАНДЫҚ ШӘКІБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Біз 23 мың 444 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Тағы 15 мың гектардай жер бар. Шаруа кәсіпкерлермен келісім аясында жасалып жатыр. Тиісті жұмыстарды заң аясында жүргіземіз. Кейін қайтарылған алқаптарды тұрғындарға береміз.

Жоспарды жыл аяғына дейін тәмамдаймыз дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шәкібаев.


Бердимурат Баймухан