Спорт

Елордаға Қызылжардың 500-ге жуық жанкүйерін апару жоспарланып отыр

Петропавлдық “Qyzyljar” футбол клубы өз тарихындағы ең айтулы матчқа дайындалып жатыр. Шілденің 21-і күні жергілікті ұжым Конференция лигасы аясында Хорватияның азулы “Osijek” командасымен күш сынасады. Алғашқы кездесу елордада өтеді. Кешкі 18:00-де бастау алатын ойынға солтүстікқазақстандық жанкүйерлер арнайы бөлінген автобуспен тегін бара алады. Әзірге, 70 адам жазылыпты. Арасында аудан азаматтары да бар. Жалпы, клуб басшылығы бас қалаға 500-ге жуық жанкүйер барады деп жоспарлап отыр. Жақында құрама сапынан бірнеше аяқдоп шебері кетті. Дегенмен, қатарға жаңадан жігіттер қосылды. Ұжым тағы да толығады. Бірақ, кімнің келетінін “Qyzyljar”-дың президенті Григорий Лория айтпады. Есесіне, “Қарасай” стадионын жөндеу бойынша аз-кем ақпаратпен бөлісті.

Григорий Лория, “Qyzyljar” ФК президенті
– Стадионды жөндеу бойынша кеше жиын өткіздік. Кездесуге жобалаушы мамандар арнайы келіп қатысты. Өздеріңізге жақсы мәлім, қазір шаһардағы “Жастар” стадионы қалыпқа келтіріліп жатыр. Ондағы іс аяқталғасын біз сол жаққа ауысамыз. Яғни, “үйдегі” ойындарымызды “Жастарда” өткіземіз. Ал құрылыс саласының өкілдері “Қарасайға” келіп, көптен күткен жөндеуді бастайды. Мұнда ауқымды өзгеріс болады. Барлығын талапқа сай етеміз.


Байболат Култанов