МТРА жаңалықтары

Алаяқтардың арам ойы жүзеге аспады

 

Алаяқтардың арам ойы жүзеге аспады. Өткен айдың соңында облыстық полиция департаментіне Петропавл қаласының тұрғыны жүгінеді. 54 жастағы ер адамға белгісіз біреулер телефон арқылы қоңырау соғып, өздерін полицейміз деп таныстырған екен. Интернет алаяқтардың жолын кесу мақсатында-мыс қала тұрғынынан жеке деректерін сұраған.

Андрей Ямпольский, қала тұрғыны:
– Неге мені шақырып алып көзбе-көз түсіндермейсіз деп сұрадым. Ол маған Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласып тұрмын, лауазымын асыра пайдаланған банк қызметкерін анықтау үшін мәселені телефон арқылы шешу керек деді.

Осылайша телефон арқылы хабарласқан азаматты жеке қабылдаудан бас тартқан. Содан соң қала тұрғыны бірден жергілікті тәртіп сақшыларына жүгініп, мәселенің мән-жайын толық білмек болған.

Виктория Миронычева, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Ешқандай полицей немесе банк қызметкерінің сіздің жеке деректеріңізді телефон арқылы сұрауға хақысы жоқ. Ешкімге смс арқылы келген кодтарды және банк картасының деректерін бермеу қажет. Мұндай жағдайларда әңгімені бірден доғару керек.

Жалпы, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында өзін полицей ретінде таныстырып хабарласқан 30-дан аса интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға шақырады.


Бердимурат Баймухан