Бүгінде Жамбыл ауданына қарасты 48 елді мекен бар. Оның 41-і орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Яғни, халықтың 92 пайызы тіршілік нәрін үйлерінде ішіп отыр.
Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:
– 2020 жылдары Пресновкада суға қатысты біраз қиындықтар болды. Преснов топтық су құбырын қайта құру шеңберінде біраз мәселе шешілді. Олардың қатарына орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған ауданның 4 елді мекені кіреді – Троицкое, Орталық, Архангелка және Сенжарка. Мысалы, Троицкое ауылында таратушы желілерді жөндеу ауыл ішінде 10 колонка орнатуға, мектепке, медициналық пунктке, 13 жеке меншік үй салуға мүмкіндік берді. Жазғы кезеңде үйлерді суға қосу жұмыстары жалғасады.
Халықты таза ауызсумен қамту үшін ауқымды жұмыс жасалып жатқанымен, әлі де проблема бар. Мәселен, 250-ден астам адам тұратын Жаңажол ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Ақтамінер бұл түйткілді шешу үшін 24 шақырым жерде орналасқан Қарақамыс елді мекенінен аталған ауылға су құбырын тарту қажет дейді. Алайда, бұл қомақты қаржыны талап етеді.
Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:
– Тұрғындар құдықтан су алады. Оның сапасы өте төмен әрі мөлшері де азайды. Сол сұрақты шешу үшін біз жоба әзірледік. Ол Қарақамыстан су жеткізу бойынша. Жобаның құны – 230 млн теңге. Аудан бюджетінде мұндай қаржы болмағандықтан облыстан және республикадан сұрадық.
Өкінішке қарай, биыл бұл мәселені біржақты ету үшін қаржы бөлінбепті. Енді
Марат Ескендіров проблеманы тым құрығанда уақытша шешу үшін жақын маңдағы ауылдан су тасуға техника бөлмек. Жаңажолда ауыз су мәселесі түпкілікті шешілмегенімен жол мәселесі мықтап қолға алыныпты.
Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:
– Жаңажолға дейінгі жолды 3 бөлікке бөліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 11 шақырымға дейін Кеңес үкіметі кезінде асфальт болған. Бүгінде оның жағдайы айтпаса да түсінікті. Сол жолды жөндеу үшін биыл қаржы бөлінді.
Жалпы, биыл ауданда 4 елді мекенге кіреберіс жол жөндеу көрмек. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Благовещенканың ауылішілік жолдары қалыпқа келтірілмек. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 195 млн теңге бөлініпті. Жиын барысында Марат Ескендіров халықты жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталып өтті. Өткен жылы жамбылдақтардың 1300-ден астамы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының арқасында екі қолға бір күрек тапқан. Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Биылдың өзінде 7 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді.
Дана Ешкенова