Білім

«Мағжан оқулары» республикалық байқауы өтті

Мағжан Жұмабаев – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақындардың ақыны. Өмірін жырға қосқан ақын дүниеге келген өңірде бүгін республикалық «Мағжан оқулары» өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 7-11 сынып оқушылары қатысуда. Барлығы – 50-ден астам жас. Байқау концерттік бағдарламамен бастау алды.

РОЗА СӘРКЕН, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– Сайыс 3 номинация бойынша өтеді. Олар: зерттеу жұмыстары, жас ақындар мен мәнерлеп оқу. Бағдарлама бойынша сайыстан кейін Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесіне бару, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою және байқаудың жабылу салтанаты болады.

«Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясы бойынша қатысушылар өздері шығарған туындыларын оқуы қажет. Бұл сында алғашқы болып Нұр-Сұлтаннан келген Әлихан Рахимбаев шықты. Жасөпірім «Аза жыр» атты шығармасын оқып берді. Бұл туындыны Мағжан атамыздың рухына арнап жазған екен. Өзімнің 15-20 шақты шығармам бар дейді

ӘЛИХАН РАХИМБАЕВ, байқауға қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы
– М.Жұмабаев өзін әрқашан да күнге, отқа теңеген. Өзім күнмін, өзім отпын деп өз-өзін жырлаған болатын. Өзін биік ұстаған. Енді ол өзімшілдік емес. Осылай өзін бағалағандығы, сенімділігі деп айтқым келіп отыр. Сол себепті, оған арнап өлең жазған болатынмын «Аза жыр» деген. Яғни, оны еске алу деген есебінде.

Ал Алматы облысынан келген Әдемі Нұрмұхамет болса М.Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтуда бағын сынады. 12 жастағы жеткіншек ақынның 50-ден астам өлеңін жатқа біледі екен. Қазылар алқасының алдында ол өлеңдер легін «Сүйемін»-нен бастады.

ӘДЕМІ НҰРМҰХАМЕТ, байқауға қатысушы, Талдықорған қаласы
– М.Жұмабаев атамыз менің орнымды баспаңдар, өмірің қиын болғанын көріп тұрсыңдар, менің шығармаларымды оқып, ең жақсы жолға ұмтылыңдар деген сөзбен жазған деп ойлаймын.

Айта кетейік, байқауға арнайы қонақ ретінде өңірдің түкпір-түкпірінен ұстаздар шақырылған. Тараз қаласындағы 21-ші мектепке де М.Жұмабаевтың есімі берілген.

САЛТАНАТ БҰТАМҚҰЛОВА, мектеп директоры, Тараз қаласы
– Осы өзіміздің болашақ ұрпаққа, жастарды Мағжан атамыздың туған өлкесімен таныстырып, яғни М.Жұмабаев атындағы колледжді, мектепті, оның сіңген еңбектерін, арнайы мұражайын балаларға таныстыру. Бір жағынан рухани, бір жағынан шығармашылық тұрғыда дамытып, балаларға осы М. Жұмабаевтың творчествосын шынайы түрде таныстыру мақсатында келіп отырмыз.

Жалпы, республикалық байқау ертең аяқталады. Үздіктер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.


Самал Жунусова