Айыртау, Тимирязев, Шал ақын және Ғ.Мүсірепов. Аталған 4 аудан – қазіргі күні төтенше жағдайлар департаменті мамандарының қатаң бақылауында. Мамандардың айтуынша бұл – су басу қаупі ең жоғары аумақтар. Сол себепті, құтқарушылар қажетті техниканы аудандарға алдын ала жеткізіп алған. Сондай-ақ, қазір мамандар аталған аудандардағы өзен-көлдерде мұз жару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл – су арнасынан асып кетпеу үшін атқарылатын маңызды шара. Бұдан бөлек, су басу қаупі жоғары елді мекендерден 600 мың текше метр қар шығарылған.
Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Өңірде су басу қаупі жоғары 85 елді мекен бар. Халқының саны 6 мыңнан асады. Осы аталған аумақтарда жерді қарайту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни қарды топырақ көрінгенше дейін тазалаймыз. Нәтижесінде еріген су жерге тез сіңіп кетеді”.
Мамандардың айтуынша өңірде әзірге бірде-бір үйге немесе ауылға су кірмеген. Облыста су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Алайда, күннің күрт жылынуына байланысты кейбір су айдындарында мұз қабаты сөгіліп, су деңгейі өзгерген.
Наталья Левина, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директорының орынбасары:
– Бүгінде Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр. Тәулігіне 3-тен 28 см-ге дейін жоғарылауда. Облыстағы шағын өзендерінде су деңгейінің көтерілуі 14 пен 55 см-ді құрайды. Сондай-ақ, қазіргі таңда Сергеев су қоймасының толымдылығы 76 пайызғаж етті.
Синоптиктердік сөзінше, сәуір айының екінші онкүндігінде ауа температурасы жоғарылап, сынап бағанасы 20 градусқа дейін көтеріледі.
Бұл Есіл өзенінде және Сергеев су қоймасында су деңгейінің әжептәуір көтерілуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Жалпы, биылғы көктемгі су тасқыны ағынының көлемі 1,5 млрд текше метрден аспайды. Мамандардың сөзінше бұл – норма.
Дана Ешкенова