Көктемгі тасқын кезінде ауыз судың сапасына мән беріңіз! Облыстық санитариЯлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары өңір тұрғындарын қауіпсіздік шараларын ерекше қаперде ұстауға шақырады.
Себебі, қазіргі таңда еріген қар суы жан-жаққа жайылып, жерасты суы алынатын қоғамдық құдықтарға құйылуы мүмкін. Нәтижесінде су түрлі органикалық қалдықтармен және химиялық заттармен ластануы ықтимал. Ал оны тұтынған адам инфекциялық ауруларға шалдығуы әбден мүмкін. Осы орайда сала өкілдерінің ақыл-кеңесіне құлақ түріңіздер! Жергілікті департаменттің бөлім басшысы Гүлнәр Жақсылықова қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте тіршілік көзі алынатын орындарда профилактикалық тазалау және дизинфекция жүргізу қажет дейді. Екіншіден, олардың маңайын артық заттардан арылтып, айналасын бірнеше метрге қоршап қойған жөн. Құдықтардың жан-жағын, қақпағын қалыпқа келтірген де артық етпейді. Тағы, суды бір шелекпен ғана тартып алып, тұтынған маңызды. Бұл да инфекцияның таралуына жол бермейді.
Гүлнәр Жақсылықова, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Былтыр өңіріміздегі құдықтарға еріген қар суының құйылуы және адамдардың инфекциялық ауруларға шалдығуы тіркелген жоқ. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Қазір қандай елді мекенде қандай ахуал қалыптасқанын дөп басып айта алмаймыз. Бұл іске Төтенше жағдайлар департаменті жауапты. Ал егер ауыл тұрғындары өздері тұтынатын судан күмәнданса, ақылы негізде сараптама жасата алады.
Байболат Култанов